СҚО әкімі өңірдің агросектор мен өнеркәсіптегі жетістіктеріне тоқталды
Солтүстік Қазақстан облысында тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың шығындары толық өтелді. Бұл туралы бас қалада өткен брифингте облыс әкімі, Ғауез Нұрмұхамбетов мәлімдеді. Айтуынша, баспанасынан айырылған бұқара үшін 700 үй тұрғызылып, 1394 пәтер сатып алынды. Ал 2 мыңға жуық қоныс-жай қайта жөндеуден өткен. Сонымен қатар баспасөз жиынында аймақ басшысы өңірдегі өзге де салалардың даму қарқынына тоқталды. Агросектор мен өнеркәсіпте ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар.
СҚО 6,2 млн тонна астық жиналды
Биыл солтүстік қазақстандық егіншілер 6 млн тоннадан астам астық жинады. Олар әр гектардан 18,6 центнерден өнім алды. Бұл он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған агросекторды қолдау ісінің қарқын алуы себеп. Мәселен, биылғы егін маусымына 55 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны берілген. Бұған қоса 256 мың тонна тыңайтқыш дайындалды.
Ғауез Нұрмұхамбетов, СҚО әкімі:
- Өңірдегі мал шаруашылығы саласы да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Былтыр республикалық бюджеттен заманауи цифрлық сүт фермаларын салуға 17 миллиард теңге бөлінді. Қазір 19 жобаның 11-і аяқталып, іске қосылды.
5 мың жұмыс орны ашылады
Алда аймақта 5 мың жұмыс орны ашылады. Ол үшін облыс басшылығы 511 млрд теңгеге 34 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ниетті. Өңірде өнеркәсіп өркен жайып, өңдеу ісі қарқын алған. Сонымен қатар тамақ өнеркәсібі де тұрақты дамып келеді.
Ғауез Нұрмұхамбетов, СҚО әкімі:
- Ресейлік ірі кондитерлік компания 37 миллиард теңгеге тәттілер өндірісін ашып жатыр. Осылайша, 380 тұрақты жұмыс орны пайда болады. Сонымен қатар өңірде Орталық Азиядағы ең ірі май сығу зауыты бой көтереді. Жаңа нысан жылына 370 мың тонна майлы дақылдарын өңдеп, 120 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Өнімнің 80%-і экспортқа жөнелтіледі.
Инвестиция көлемі 109%-ке өсті
Инвестиция тартуда да ілкімді істер бар. Мәселен, биыл сыртқы салым көлемі 109%-ке өскен. Құрылыс қарқыны да 127%-ке өсім көрсеткен.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.