Қарашығанақ жобасында отандық тауардың үлесі артты

Қарашығанақ жобасын іске асыруда қазақстандық тауар мен қызмет үлесі 18%-ке жетті, деп хабарлайды 24KZ. Енді оның көлемі әрі қарай арта береді. Бұл туралы Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің отырысында айтылды. Жиынға компанияның бас директоры мен жауапты ұйым өкілдері қатысты.

Жалпы елдегі ірі мұнай-газ жобаларын іске асырушылар жыл сайын қазақстандық үлестің көлемін ұлғайтуы тиіс. Тек былтырдың өзінде отандық тауар өндірушілерден қажетті жабдық пен қызмет түрін алу үшін құны 240 млн АҚШ долларына тең келісімге қол қойылды.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Президент реттеу-сатып алудың деңгейін отандық тауарлардың деңгейін 60%-ке жеткізу керек деп тапсырма берген болатын. Бұл енді осы ірі жобаларға да тікелей қатысты. Сонда біз сыртқа қаржы шығармаймыз. Өздеріңіз білесіздер, тек қана 2023 жылдың қортындысы бойынша біздер 60 млрд долларға сырттан импорттық тауар сатып алғанбыз, бүкіл сектор бойынша. Енді соның үлесін біз азайтуымыз керек. Ол біз үшін, біздің экономикамыз үшін өте тиімді.