Өзбекстанға 1,8 миллион тонна астық экспортталды
Өзбекстанға 1,8 миллион тонна астық экспортталды
Ал лизингке жұмсалатын қаражат 200 млрд теңгеге жетті. Енді шаруалар сапалы ауыл шаруашылығы техникаларын ала алады.
Көктемгі дала жұмыстары үшін 400 мың тоннадан астам жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Биыл егіс науқанына 1,9 млн тонна тыңайтқыш қолданылады. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, қоймаларда 177 мың тоннасы бар. Тыңайтқыш шығаратын 10-нан астам кәсіпорын мен жеткізушілер қорды түгендеуге кіріскен. Айдарбек Сапаров үкімет резервінен қосымша қаражат бөлініп, субсидиялау қарастырылғанын айтты. Алайда, жергілікті билік тыңайтқыш жеткізушілермен келісім жасауға асықпайтын көрінеді. Премьер-министр көктемгі дала жұмыстарында агротехнологияларды қатаң сақтап, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын уақтылы қолдану керек деді. Әзірге бұл жоспардың 59%-ын құрап отыр. Алдағы жылдары 100%-ға жетеді.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Өткен жылы алғаш рет отандық тыңайтқыш өндірушілерге аванстық субсидиялау енгізілді. Бұл тетік тыңайтқыштарды қолжетімді етіп, олардың көлемінің өсуіне серпін берді. Нәтижесінде тыңайтқыштарды қолдану алғаш рет ғылыми негізден қырық пайыздан асты. Алдыңғы жылдары ол жиырма пайыздан аспайтын еді.
Шаруаларға жеңілдетілген дизель отыны беріледі
Науқанның сәтті өтуі үшін дизельдің де жеткілікті болуы маңызды. Энергетика министрі 1 ақпан мен 30 маусым аралығындағы көктемгі дала жұмыстарына 401 мың тонна отын жеткізілетінін айтты. Алмасадам Сәтқалиев жанармай құю станцияларындағы баға көтерілсе, ауылшаруашылық дизелі де қымбаттайтынын ескертті. Алайда шаруалар үшін 15%-дық жеңілдік сақталады.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Жанар-жағармаймай құю станциясының бағасы көтерілген сайын баға пропорционалды түрде көтеріледі. Жанар-жағармай құю станциясы бағасының 15 % (он бес пайыз) жеңілдігі өзгеріссіз қалады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін:
- жеке ПИН-кодтар алынды; - дизель отынының түсін сары, көк және қызылға бояу; - электрондық шот-фактура жүйесіне дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құру жөнінде шаралар қабылданды.
Министр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен уақтылы қамтамасыз ету үшін оператор-компаниялар тарапынан іріктеуді жеделдету керек деді. Әйтпесе, өңірлердегі мұнай өңдеу зауыттары резервуарлары мен мұнай базаларының толып кетуі мүмкін. Бұл жанар-жағар май өндіруге және өңірлерді қамтамасыз етуге кесірін тигізеді.
Астық экспорты 47%-ға артты
Қыркүйек-қаңтар аралығында Қазақстан 4,8 млн тонна астық экспорттады. Бұл 2023-2024 жылдардағы көрсеткіштен 47%-ға көп. Отандық астықтың сыртқы нарықтағы тұтынушылары – Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Ауғанстан елдері. Мәселен, көрші өзбек еліне 1,8 млн тонна дақыл жөнелттік. Тәжікстанға экспорт 720 мың тоннадан асты. Қытайға 660 мың тоннаға жуықтады. Ауған еліне 217 мың астық сатылды. Бұл тізімді Иран мен Әзербайжан толықтыруға бейіл. Ауыл шаруашылығы министрлігі сұраныстың жыл сайын артып жатқанын мәлімдеді.
Астық экспорты:
Өзбекстан —1,8 млн тонна
Тәжікстан — 724 мың тонна
Қытай — 659 мың тонна
Ауғанстан — 217 мың тонна