Қазақстан Иран нарығына құны $250 млн-ға тең өнімдерді жеткізуге дайын

Қазақстан Иран нарығына 250 млн доллар сомасына 75 өнім түрін жеткізуге дайын, деп хабарлайды 24KZ. Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы барысында жалпы сомасы 92 млн 800 мың АҚШ долларына 10 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл екі ел арасындағы сауда қатынасын нығайту үшін маңызды.

Бұл туралы Тегеран қаласында өткен Қазақстан-Иран бизнес форумы кезінде айтылды. Оған 50-ден астам отандық кәсіпкер мен 230 ирандық бизнес өкілі жиналды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 340 млн долларды құрады.

Абылай Санан, кәсіпкер:

- Бұл сауда-экономикалық миссия – Қазақстан тарапы үшін өте маңызды қадам. Компаниямыз үшін алғашқы тәжірибе деп айта аламын. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығына, сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігіне алғысым шексіз. Форум аясында бірқатар ирандық компаниямен B2B кездесулер өткіздік. Екіжақты алыс-беріс бойынша бірнеше келіссөз жүргізілді. Бұл екі елдің кәсіпкерлері үшін екіжақты тиімді форум.

Нұрлыбек Сапабеков, ҚР СИМ Экспортты ілгерілету департаментінің басқарма басшысы:

- Бизнес миссияға 50 жуық қазақстандық кәсіпкерлерді шақырып, 10 жуық құжатқа қол қойдық. Бұл құжаттардың құны жалпы 90 млн доллардан асады. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының қойған мақсаттары бар, екі елдің тауар айналымын 3 млрд-қа жеткізу.

Кездесуде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Айтмұхамед Алдажаров Тегеранда тауарлар мен қызметтер экспортын ілгерілету жөніндегі ұлттық институтының серіктестік кеңсесін ашуды ұсынды. Бұл кеңсе отандық кәсіпкерлерге жаңа серіктестер табуға және Иран нарығында өнімді тиімді сатуға мүмкіндік береді.