Алматыда су қымбаттады
Алматыда ақпан айынан бастап су қымбаттады.
Ауыз су тарифі 10 пайызға өсті. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу департаменті мәлімдеді. Қазір мегаполистегі құбырлардың тозығы жеткен. Коммуналдық желінің жартысынан көбі ескірген. Оны алдағы 5-6 жылда жаңарту көзделіп отыр. Ол жұмысты тариф есебінен жасау жоспарланған. Қаражаттың бір бөлігі үнемдеуге арналған жаңа технологияны енгізуге, құрал-жабдықтарды жаңартуға, сонымен бірге желіні жөндеуге жұмсалады. Мамандар тұрғындар суға көп ақша төлемес үшін есептегіш құрал орнатуы қажет, дейді.
Әсел Бөденеева, табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:
- Бұрын бекітілген тарифтердің қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты бес жылдық сумен жабдықтау және су бұру қызметіне қатысты тарифін бекітті. Сумен жабдықтаудың орташа тарифі 1 текше метрге 135 теңге, су бұру бойынша 83 теңге. Сонымен қатар суды тұтыну көлеміне байланысты сараланған тарифтер бекітілді. Кімде су есептегіш құрал жоқ, дәл сол тұрғындар үшін төлем өзгелерден қымбат болады.