Сәтбаевта республикалық маңызы бар индустриялық аймақ құрылды

Сәтбаев қаласында республикалық маңызы бар индустриялық аймақ құрылды, деп хабарлайды 24KZ. Экономиканы әртараптандыру үшін қолға алынған жоба Саран қаласының тәжірибесі бойынша жұмыс істемек.

Осы мақсатта шаһарға жақын аумақтан 12 гектар жер телімі бөлініп, инвесторлар тарапынан өтініштерді қабылдау жүріп жатыр. Олардың санына қарай алдағы уақытта жер көлемі 50 гектарға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Қазір өңір билігі арнайы белгіленген аумаққа инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп жатыр. Шамамен 3,5 млрд теңгеге тоқ, су, жылу желілері, автомобиль және теміржол тартылады.

Ерлан Орманов, Сәтбаев қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қазір бізде Қытай-Қазақстан бірлескен компанияларының бірлескен 3 жобасы бар. Бұл жерде 100 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр Сәтбаев қаласы бойынша. Инфраструктура жүргізу, жол, жарық, су тарту жұмыстары осы биылғы жылдан басталады. Осы жұмыстардың барлығы аяқталысымен жаңағы зауыттарды параллельді жүргізе береді.