Павлодар облысындағы қоймаларда 40 мың тонна сәбіз өтпей тұр
Шаруалар тығырыққа тірелді, деп хабарлайды 24KZ. Көкөніске жылдағыдай сұраныс жоқ. Есесіне базарларда Өзбекстан мен Ресейдің өнімі көбейген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары отандық өнімнің орнын импорт басқанын растайды. Сұраныстың жоқтығына да осы себеп болуы мүмкін.
Көкөніс қоймаларында жылдағыдай қарбалас жоқ. Сәбіз сұрыптайтын жұмысшылар жарты күн жұмыс істейді. Өйткені тұтынушылар аптасына екі рет келетін болған.
Павлодар облысындағы көкөніс сақтау қоймалары сәбізге толып тұр. 40 мың тоннадай өнім сатылмаған. Шаруалар қазір сәбіздің келісін 55-60 теңгеден сатуға мәжбүр. Бұл өнімнің өзіндік құнынан төмен баға.
Никита Запараның әулеті бау-бақша шаруашылығымен айналысады. Қазір 300 тоннадай өнімді сата алмай отыр. Жылда павлодардың сәбізіне сұраныс болатын. «Биыл осындай күрделі жағдайға тап болдық», – дейді ол. Фермердің айтуынша, сәбізді ұзақ мерзімге сақтау қымбатқа түседі.
Никита Запара, фермер:
- Өнімді өткізе алмай отырмыз. Мен бұрын күніне 60 тонна сататынмын. Бұл кем дегенде екі жүк көлігі. Биыл екі аптада бір көлік сәбіз сатамын. Оның өзінде сатып алушының өзіміз іздеп табамыз.
Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл мәселеден хабардар. «Оңтүстік өңірлермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», – дейді мамандар. Ал шаруалардың жанайқайын нарық заңындағы бәсекелестік деп түсіндірді.
Төлеген Көшербаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Бір жылдары сәбіз қымбаттап, келісі 900 теңгеге дейін жеткенін білесіздер. Бүгінгі таңда 60, кей жерлерде 55 теңгеге дейін арзандап кетті. Бұл нарық заңы. Оны шаруалар да біледі. Біз өнімді өткізудің жолдарын қарастырып жатырмыз.
Шаруалар: «Сәбізді мамыр айына дейін сатып үлгермесек, шығынға батамыз», – дейді. Өйткені қоймадағы ауа температурасы қалыпты мөлшерден екі градусқа жоғарыласа, өнім шіри бастайды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков