Жамбыл облысында болат өндіретін металлургия комбинаты салынады

Жамбыл облысында қуаты 3 млн тонна болат өндіретін металлургия комбинаты салынады, деп хабарлайды 24kz.

Оны жүзеге асыру үшін Премьер-министр Олжас Бектенов қытайлық «Fujian Hengwang Investment» компаниясының басшылығымен кездесіп, жоба барысын талқылады. Нысан Жамбыл өңіріндегі «Жібек жолы» арнайы экономикалық аумағында бой көтереді. Нәтижесінде 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріске қазақстандық шикізат қолданылады. Сөйтіп, кәсіпорында катанка, арматура мен жолақты және профильді болат өнімдерін шығару көзделіп отыр. Қытайлық инвестор жалпы жоба құнын 1,2 миллиард долларға бағалап отыр. Үкімет басшысы өз кезегінде аталған бастаманың отандық металлургияны дамытуда, өндіріс қуатын арттыруда және елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуде маңызды қадам болатынын жеткізді.