Табысынан аз салық төлеген компаниялар тізімі жасалды
BI Group, BAZIS құрылыс компаниялары өз табысынан аз салық төлейтіндер тізіміне ілікті. Премьер-министр Олжас Бектенов миллиардатаған айналымы бола тұра, бюджетке мүлдем оған сәйкес келмейтін сомаларды төлейтіндердің тізімі барын мәлімдеді.
«Олардың қатарында белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар», – деді. Олжас Бектенов кәсіпкерлерді екі апта ішінде салық сомасын әділетті түрде төлеуге шақырды.
Айта кетейік бүгін Үкіметте салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын. Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады. Мұның соңы қиын болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындауға дайын болса, біз диалогқа дайынбыз.