Атырау облысында 2500 жұмыс орыны ашылады
Биыл Атырау облысында 22 инвестициялық жоба жүзеге асады.
Нәтижесінде жұмыссыздық мәселесін біртіндеп шешу көзделіп отыр. Бүгінде өңірде 17 мыңнан аса тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген екен. Бұл қандай жобалар, атқарушы билік жұмыссыздықпен қалай күресіп жатыр?
Қазір Жылыой ауданында жұмыссыздар есебіне 2 мыңнан аса тұрғын тіркелген. Соның бірі Алтынбек Хасанов. Былтыр желтоқсанда Теңіз кенішіндегі жұмысынан қысқарған. Содан бері жұмыссыз жүр.
Алтынбек Хасанов, Құлсары қаласының тұрғыны:
-Контракт бітті деді. Объем жоқ деді. Объем болып жатса, хабарласамыз деген. Қашан хабарласатыны белгісіз. Олар айтпайды осындай күні хабарласамыз деп. Күтіп жүргеніміз. Қаншама жастар, кәрілер жүр жұмыссыз.
Аудандық мансап орталығының мәліметінше, былтыр 5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Ал биыл 277 тұрғынға жұмыс тауып берді. Қазір мұнай өндіруші компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтады жауаптылар.
Ақылбек Едігеев, Жылыой аудандық мансап орталығының басшысы:
- 71 мекемемен біз осы жергілікті халықты жұмыспен қамту бойынша келісім орнаттық. Соның нәтижесінде біз 1050 адамды жұмысқа орналастырдық 2024 жылы. Біз енді биылғы жыл да сол жұмыстарды әлі де жалғастырамыз. Сонымен қатар біздер меморандум әзірледік қазір үш жақты. Жергілікті әкімдік бар, Теңізшевройл компаниясы бар және соның мердігер мекемелерімен. 40 ірі компаниямен біз келісімге келуді жоспарлап отырмыз.
Өңірде биыл 22 инвестициялық жоба жүзеге асады. Онда 2500-ге тарта жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жұмыссыз жүргендерді осы жобаларға тарту жоспарланып отыр.
Гүлболат Аманғалиева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
- Газ зауытының өндірісі іске асырылып келе жатыр. Сол жобада бүгінге 1400-дей адам жұмыс жасайды. Жылдың аяғына дейін 550-дей жаңа жұмыс орыны сол жобада құрылатын болады. Сонымен қатар полиэтилен өндірісі жобасында да іске асырылады биыл. Бұл жобада да 500-ден астам жұмыс орындары құрылады. Вагон құрылысы зауыты жобасында да 550-ден астам жұмыс орындары құрылып, жергілікті азаматтар жұмыспен қамтылады.
Теңіз кенішіндегі «келешек кеңею жобасының» құрылысы аяқталуына байланысты биыл тағы 5 мыңнан аса адам жұмыстан қысқартылады. Оның 38 проценті облыс тұрғындары. Жұмыссыздық мәселесін шешу үшін жергілікті билік қазір ірі компаниялармен келіссөз жүргізіп жатыр.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин