Креативті индустрияда шағын бизнестің үлесі аз
Кейінгі жылдары бос уақытын театр, кино, басқа да мәдени орындарда өткізетіндер қатары артқан.
Танымал онлайн платформаның есебіне сүйенсек, былтыр елде 6 млн билет сатылыпты. Бұл алдыңғы жылдан екі есе көп.
Креативті индустрияның дамығаны шығар бұл. Ендеше нақты қай саланың мерейі үстем екен?
Кинопрокат: табыс артты
Ойын-сауық нарығында кинопрокаттың жөні бөлек. Жалпы кірістің 65%-ын құраған. Сарапшылар отандық киноның үлесі артқанын айтады. Мәселен былтыр 103 фильм көрермен назарына ұсынылды. Осылайша нарықтың 20%-ын қамтыды. Қалғаны шетелдік фильмдер. Қазақстандық кино барлық кассалық кірістің үштен бірін, яғни 18,4 млрд теңге жинаған. Бұл тұста сыртта түсірілген фильмдерден 29 млрд теңге түскен. Ең табысты туындылар көшін «Моана 2» фильмі бастады. Кассалық кіріс 1,85 млрд теңгеге жуықтады, ал екінші орында отандық «Дәстүр» фильмі тұр. Кіріс 1,72 млрд теңге. Бұдан кейін гастрольдік іс-шаралар, театр қойылымдары көпшілік қызығушылығына ие болды. Елде сапалы туындылар көбейіп келеді. Талғампаз көрермен де баршылық. Сұранысқа қарай, кейінгі жылдары гастрольдік спектакльдердің 49%-ға өскенін байқауға болады.
Билет сатылымы екі есе өскен
Былтыр қазақстандықтар мәдени іс-шараларға 73 млрд теңге жұмсады. Бұл алдыңғы жылдан 16 млрд теңгеге артық. Танымал онлайн билеттерді сату қызметінің бас директоры Виктория Торгунакова ойын-сауыққа, мәдениет пен өнерге сұраныстың екі есе артқанын мәлімдеді. Платформада 2023 жылы үш млн билет сатылса, былтыр алты млн-ға жуықтаған. Ең белсенді көрермен Астаналықтар екен. Тізімді Алматы мен Қарағанды тұрғындары жалғайды. Билет сатып алғандардың басым бөлігі кино көрермендері, одан кейін концерттер мен театрландырылған қойылымдардың үлесі айтарлықтай.
Ең белсенді пайдаланушылар:
Астана - 50,6%
Алматы - 48,1%
Қарағанды - 33%
Жанр көшбасшысы?
Кино - 831 мың
Концерт -700 мың
Театр қойылымдары - 500 мың
ЦИТАТА: Виктория Торгунакова, онлайн билеттерді сату платформасының бас директоры:
Өткен жылы қазақстандықтар барлық іс-шараға айына шамамен 12 мың теңге жұмсады. Жалпы түскен кіріс 16 млрд теңгеге артық болды. Бұл біздің бір жыл бұрынғы болжамымыздан да көп. Нақтырақ айтсам, 3,8 млрд теңгеге артық.
Танымал билет сату платформасына сүйенсек, жастың да, жасамыстың да асыға күтетін шаралары бар. Мысалы, "Sold out" деп белгіленген іс-шаралар ішінде Comic Con Astana фестивалі көш бастаған, 38 879 билет сатылды. Димаш Құдайбергеннің Астанада өткен концерті де үздіктер қатарында. Футбол матчтары да қалың көрерменді ұйыстыратын, қайталанбас эмоция сыйлайтын іс-шара санатында.
Креативті индустрияда шағын бизнестің үлесі аз
Әрине мұндай ауқымды шаралардың көбі ірі қалаларда, облыс орталықтарында өтеді. Қарапайым ауыл халқына да мәдени демалысты жиі ұйымдастырып тұрған абзал. Осы ретте сенаторлар бастама көтерді. Алдағы уақытта креативті индустрия саласындағы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие берілуі мүмкін. Ғалиасқар Сарыбаев әсіресе аудандар мен қалаларда арнайы креативті орталықтар құру керек дейді. Креативті қызметтерді әр аймақтың ерекшелігіне қарай ұсыну маңызды. Депутат саланы дамыту үшін мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдануы керек деді. Әзірге бұл сектордағы шағын кәсіп үлесі 7% шамасында. Ал дамыған елдерде 50–90%-ға барады.