Атырауда полиэтилен зауытының алғашқы қадасы қағылды
Атырауда полиэтилен зауытының алғашқы қадасы қағылды. Жоба еліміздің батысында мұнай-газ химия өнеркәсібі кластерін дамыту жөніндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Зауыттың құрылысы 2028 жылы аяқталып, ал 2029 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.
«Силлено» зауыты – еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі ауқымды жобаның бірі. Жылына 1млн 250 мың тонна полиэтилен өндіретін зауыттың инвестиция көлемі 7 млрд АҚШ долларына тең. Мұнда өнеркәсіп саласында қолданылатын полиэтиленнің 20-дан аса түрі шығарылады. Жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін импорт көлемі 90%-ке дейін азаяды.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл еліміз үшін өте үлкен және ауқымды шара. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен орындалып жатыр. Тек қана полиэтилен базалық өнім ретінде ғана шығарып қоймай, одан кейінгі келесі тізбектерді, яғни полиэтиленді құбырлар, кез келген жиһаз, көптеген қазіргі машина жасаудың құрылғысы осы пластиктен шығарылады. Осының барлығы мультипликативті эффектпен еліміздің экономикасына қарқын береді.
Полиэтилен өндірісіне қажет газ жаңадан бой көтеретін газ сепарациялық кешенде өңделеді. Кейін магистральды құбыр арқылы Силлено зауытына жеткізіледі. Нысан заманауи технологиямен салынады.
Бауыржан Асқаров, «Силлено» ЖШС Эксплуатация департаментінің координаторы:
- Бу крекинг қондырғысы Қазақстанда ешқашан болмаған. Мынау осы бірінші рет біз салып жатырмыз. Мұның экологиялық жағынан, қауіпсіздік жағынан оған біздің жоба тобымыз өте көңіл бөлді.
Зауыт құрылысы кезінде 8 мың жұмыс орыны ашылады. Ал өндіріс басталғанда 800 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жалпы полиэтилен өнімі – құрылыс материалдарымен қатар, тұрмыстық заттарды шығаруға қажетті негізгі шикізат. Жаңа кәсіпорын елдегі сұранысты өтеп қана қоймай, өнімдерін Еуропа, Қытай, Түркия және ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов