Қазақстанның Еуропа Одағы нарығына экспорты артады

2 млрд доллардан асатын 175 тауар түрін сатуды көздеп отыр, деп хабарлайды 24kz.

«Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне қатысқан Мемлекет басшысы осылай деді. Біздің мұнай тасымалында да үлесіміз сүбелі. Мәселен, ол жаққа импортталатын шетел шикізатының 13%-і Каспий құбыр консорциумы арқылы жеткізіледі. Ал, энергетика саласында Total, Eni, Svevind секілді ірі серіктестермен баламалы қуат көзі және жасыл сутегі өндірісі жобалары қолға алынған. Қазір еліміз Өзбекстан және Әзербайжанмен бірлесіп, жасыл энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропаға шығаратын электр желісін салу жобасын бастады.

Айта кетейік, кәрі құрлық экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі бізде өндіріледі. Бұлар уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да элементтер. Сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкімен кен игерудің озық тәжірибесін енгізіп жатыр. Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен алыс-беріс те алымды. Былтыр жүк көлемі 62%-ке артып, 4,5 млн тоннаға жетті. Бұл көрсеткішті 2027 жылға қарай 10 млн тоннаға арттыру мұраты тұр.

Ескеретін жайт, Қазақстан әлемдегі ядролық отынның 40%-ке жуығын қамту арқылы таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқарады. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық геосаяси жағдайлар жайына да тоқталды. Президент бүкіл елді БҰҰ Жарғысы мен жалпыға ортақ халықаралық құқық қағидаларын мүлтіксіз сақтауға және Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметіне қолдау білдіруге үндеді. Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптайды. Мәселенің күрделі екеніне қарамастан, шиеленістің оң шешімін табатынына сенім артатынын айтты.