Қостанайдағы автозауыт құрылысы аяқталуға жақын

Бас-аяғы бір жарым жылдың ішінде Қостанайда елімізде теңдесі жоқ жаңа автозавод бой көтерді.

КІА автокөліктерін шығаратын зауыттың негізгі өндірістік бөлігі салынып болды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, шетелдік тікелей инвестицияларды тартуға және машина жасау саласын дамытуға бағытталған. Құрылыс алаңында атқарылған жұмыс ауқымын Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен KIA компаниясының ресми өкілдері тексеріп шықты. Қазіргі кезде мұнда ішкі коммуналдық-инженерлік жүйені қосу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар технологиялық  құрал-жабдықтарды орнатып, монтаждауға да кіріскен. Кәсіпорын 68 өнеркәсіптік роботпен жабдықталады. Оларды құрастырып, орнатумен  Оңтүстік Корея мен Қытайдан келген 80 шетелдік маман айналысып жатыр. Сонымен қатар жергілікті мамандарды оқытып, дайындау жұмыстары қолға алынған. 

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Шілде айында алғашқы машина осы конвейерден шығатын болады. Жалпы толығымен зауыт күзге таман толығымен қосылатын болады. 200 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Бұл зауыттың қуаттылығы 70 мың машина. Қосылған кезінде 1,5 мың адам жұмысқа тартылатын болады. 

Роман Глущенко, "KIA Qazaqstan" ЖШС басқарушы директоры:

- Қазір біз дәнекерлеу цехында тұрмыз. Мұнда құрал-жабдықтардың 80 проценті орнатылған. 40 робот қойылды. Мамандар оны реттеп, технологиялық жүйеге келтірумен айналысып жатыр. Ал бояу цехында құрал-жабдықтардың 95 проценті құрастырылып, жиналған. Ол жерде қазіргі кезде электр кабелін тартып, жабдықтарды қосу жұмыстары қалып тұр.