Павлодар облысына ₸1,1 трлн инвестиция тартылды

Павлодар облысында құрамында алтын бар концентратты қайта өңдеу және ферроқорытпа өндірісі бойынша 2 ірі жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды 24kz.

Ал Екібастұзда қуаттылығы 460 мың тонна болатын 3 ферроқорытпа зауытын салу жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындар іске қосылса, Қазақстан ферроқорытпа өндірісі бойынша әлемде екінші орынға шығады. Мұны Президенттің қабылдауында болған аймақ басшысы Асайын Байханов мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірге былтыр 1 триллион теңгеден аса инвестиция тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Оған қоса, өңір экономикасының барлық негізгі салаларында өсім байқалған. Әлеуметтік міндеттеме де жүйелі түрде орындалып жатыр. 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 40 жаңа нысан пайдалануға берілген. Оған қоса, 83 әлеуметтік ғимарат жаңғыртудан өтті. Қосымша білім беретін 3 орталық, 1800 оқушыға арналған «Жайлы мектептер» салынды. Апаттық жағдайдағы мектептердің орнына 3 білім беру нысаны бой көтеріп, 26 оқу ошағы жөнделді. Өңірде кейінгі 20 жылда алғаш рет жылумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 1,3%-ке дейін төмендеді. Ал қоғамдық көлік 80%-ке жаңартылып, 230 автобус жеткізілген.Сонымен қатар трамвай паркі жаңарып жатыр. Жаңа 25 вагонның алғашқы партиясы биыл қыркүйекте жеткізіледі. Кездесу соңында Президент бірқатар тапсырма берді.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

- Мемлекет басшысының Ертіс өзенінен өтетін көпірді салу, әуежайды қайта жаңарту және Екібастұздағы бірінші МАЭС-тың қуаттылғын арттыру бойынша тапсырмаларының орындалуы туралы баяндадым. Қабылдау қорытындысы бойынша Президент әлеуметтік сала мен экономиниканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялар тарту және инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде нақты міндетемелер жүктеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы берген барлық тапсырмалар ерекше бақылауға алынды.