MINEX Қазақстан форумы: тау-кен өндірушілерге арналған жеке кодекс керек
Тау-кен өндірушілерге арналған жеке кодекс керек. Бұл мәселе бүгін Астанада өтіп жатқан MINEX Қазақстан форумында көтерілді. Жиынға 450-ден астам салалық қауымдастық өкілдері келген. Шетелдік қатысушылар да бар. 28 мемлекеттің компаниялары өз өнімдерін ұсынып отыр.
MINEX Қазақстан форумы 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Мұнда мемлекеттік органдар мен тау-кен саласының өкілдері, отандық және халықаралық инвесторлар жиналып, саладағы басты мәселелерді ортаға салады. Бүгін жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамалық реформалар сөз болды. Мәселен, Республикалық қауымдастық басшысы Николай Радостовецтің айтуынша, 2017 жылы қабылданған құжатта кілтипан көп. Ондағы кей талап тек мұнайшыларға ыңғайлы болса, кейбірі тәу кен өндірушілердің ғана оң жамбасына келеді. Сондықтан бұл екі саланы дамыту үшін олардың аражігін ажыратып алу маңызды.
Николай Радостовец, Тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындары республикалық қауымдастығының президенті:
- Біз заңнаманы реформалаудың екінші кезеңін бастау керек. Жер қойнауы туралы кодексті екіге бөлу керек. Мұнайшылар өз нормативтерімен, тау-кен өндірушілер қатты пайдалы қазбалар туралы заңға бағынсын. Бұл әлемде бар практика. Өйткені заңдағы кей баптар бір салаға ғана қатысты. Соның кесірінен басқалары зардап шегеді. Он жыл бұрын шетелдік сарапшылар бізге бөлек кодекс жасақтау керегін айтқан болатын.
Сонымен қатар жасанды интеллектке негізделген геологиялық деректер базасын дамыту жайы да айтылды. Бүгінде елімізде бұл заманауи технологияны кеңінен қолдануға мүмкіндік бар. «Тек ол үшін министрліктер бірлесе әрекет етуі керек», – дейді Ұлттық геологиялық қызмет төрағасы.
Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы:
- Саланы дамытудың басты механизмі – цифрлық технологиялар. Бұл жұмыс бір ғана министрлік тарапынан емес, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан да жүруге тиіс. Сонда барлық деректер қолжетімді болады. Бұл бағыттағы жұмыс қазір жүріп жатыр. Премьер-министрдің арнайы тапсырмасы бар.
Сондай-ақ бұл салаға инвестиция тарту жұмыстарын ширату жолдары да талқыланды. Ол үшін бірнеше құжатқа өзгеріс енгізу керек. Бұл қатарда салық, Жер және Су кодексі бар. Сарапшылар: «Бұл нормативтер халықаралық стандарттарға сай болуы керек», – дейді. Сонда шетелдік алпауыттардың Қазақстанға қызығушылығы артады.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Абдулхамит Бөлекбаев