Өңірлерді дамыту басым бағыттардың бірі
Өңірлерді нығайту арқылы ұлттық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге болады.
Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары осылай дейді. Институт мамандары бүгін Ұлттық Құрылтай қорытындысы бойынша стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқыға салды. Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы құрылтайда өңірлерді дамытудың тың тетіктерін жіліктеп берген болатын. Осы тұста сарапшылар аймақтарды өркендету үшін алдымен өнеркәсіп пен ауылшаруашылық саласына басымдық берген жөн деп отыр. Яғни Президент ұсынған бастамалар мемлекеттік құрылымдар мен қоғам арасындағы үйлескен жұмыс арқылы жүзеге асады.
Қайсар Нығметов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Шикізатты экспорттаудан гөрі өзіміздің өңірлерде қайта өңдеуге басымдық берген жөн. Себебі бұл бизнес үшін де, бюджет үшін де қомақты қаржы табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шағын индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру қажет. Бұл өнеркәсіптік әлеуеттің тамырына қан жүгіртер еді. Ал аграрлық саланы дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қолға аламыз.