AIM Congress 2025: Абу Дабиде Қазақстанның әлеуетті жобалары таныстырылды
Абу Дабиде өткен дәстүрлі инвестициялық іс-шара барысында Қазақстанның өндірістік әлеуеті таныстырылды.
Таяу Шығыс аймағындағы ауқымды форумға 180-нен астам мемлекеттің өкілі жиналды. Қазақстандық делегацияны сауда палатасы мен ((«Parasat»)) ПАРАСАТ кәсіпкерлер тобы бастап барды. Оның ішінде отандық өндірісті өркендетуді көздеген бірқатар бизнес иелері де бар.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Қазір әлемде инвестиция үшін күрес күшейіп жатыр. Жер-жерде ірі компаниялар бизнес кездесулер өткізіп, әлеуетті жобаларын ілгерілетуге көшкен. Бұл үрдіс тұрақты әрі үздіксіз дамуға жетелейді. Кәсіпкерлік аясын кеңейтудің алғышарты іспеттес.
«AIM Congress» Абу Даби астанасында биыл 14-мәрте ұйымдастырылып отыр. Бірқатар елдің президенті мен премьер-министрі қатысқан пленарлық жиында әлем экономикасындағы теңсіздік пен тербелістер терең қаузалды. Инвестиция алмасу және оған қолайлы климат қалыптастыру төңірегінде ой өрбіді.
Ғани Аманбаев, ҚР Сыртқы сауда палатасы төрағасының кеңесшісі:
- Осы шараға арнайы Қазақстанның ұлттық павильонын құрастырып, ірі кәсіпкерлерді алып келіп, көрсетіп жатырмыз. Біріншіден ферроқорытпа жайында. Инвестициялық әлеуеті зор. Қазірге дейін екі ынтымақтастық құжатқа қол қойдық.
Валид Фаргал, "AIM Congress" қорының басшысы:
- Форумға 2 мыңнан астам делегат келді. Мақсат – инвесторлар мен түрлі мемлекеттегі кәсіпкерлердің басын қосу, қолайлы платформа қалыптастыру. 3 күндік іс-шара барысында тараптар бір-бірінің жобаларымен жақынырақ танысты, тиімділігіне көз жеткізді. Нәтижесінде бірлескен келісімдер жасалады деген сенім мол.
Шымкенттегі ферроқорытпа зауыты тереңдетілген өңдеу өнеркәсібіне кірісуге ниетті. Ол үшін кәсіпорынға ірі инвестиция құйылып, тың технология тартылуы қажет. Метал өндірісінде кеңінен қолданылатын қоспа түрлері әзірге елімізге Қытай мен Кореядан жеткізіліп жатыр. Жоба жүзеге асса, ферроқорытпа өнімдерін сырттан тасымалдаудың қажеті болмайды. Сондықтан отандық компания араб инвесторларын Шымкентке шақырып, шаруа ауқымын ширатуды ұсынып отыр.
Хондамир Юлдашев, Шымкент ферроқорытпа зауытының басшысы:
- Біздің жоба өзіндік тұрғыда ерекше деп айтқым келеді. Осы арқылы мырыш қорытпаларының барлық желісін жасап шығарғымыз келеді. Импортты толық алмастыратын боламыз. Қазір шетелден келіп, жатқан өнім әрдайым сапалы бола бермейді. Сол олқылықтың орнын толтырып, шикізаттық өндірістен өңдеу ісіне ойысу жоспарымыз бар.Сұранысқа келетін болсақ, түрлі нарықпен алдын ала келісімдер, оффтейк шарттар жасалған.
Көрмедегі қазақстандық стэнд кәсіпкерлер есебінен құрылды. «Біздегі бизнес өкілдерінің бұл іс-шараға өзіндік ықылас танытып, белсенді қатысуы көп жайтты аңғартады». Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы іскерлік кеңеске жетекшілік ететін Әлібек Алмабеков осылай дейді. Оның айтуынша, инвестициялық конгресс аясында қазақ жерінің өндірістік әлеуетіне қызыққандар көп. Бір парасы сыртқы сауда палатасымен ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасасып, бірлескен жоспар құрды. Нәтижесінде Армения және Ресейдің үш аймағымен өзара тиімді әріптестіктің негізі қаланды.
Әлібек Алмабеков, Қазақстан-БАӘ іскерлік кеңесінің тең төрағасы:
- Инвестициялық форум өте маңызды деп ойлаймын. Бұған дүниежүзінен ірі инвесторлар келіп жатыр. Қазақстандық стэнд қойылып жатыр. Біздің елдің инвест ахуалын көрсету негізгі мақсат.
Көрмеде таныстырылған қазақстандық жобалар ішінде жаңа кен орындары мен сауда саласын жетілдіретін айти шешімдер де бар. Бұл істі қолға алған кәсіпкерлер ірі халықаралық жиындар арқылы елімізге инвестиция тарту үдерісін жалғастыра бермек.
Рауан Мыңбай