Инфляциямен күрес: Ұлттық банк мөлшерлемені өзгертпеді

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдырды, деп хабарлайды 24kz.

Мамандар инфляция мен тәуекелдер балансын ескере келе, осындай шешімге келді. Оның үстіне АҚШ-тың сауда саясаты нарықтағы жағдайды теңселтіп, әлемнің қаржылық ахуалы құбыла түсті. Саудадағы серіктестеріміздің жағдайы мен жаһандағы азық-түлік қымбатшылығы да, инфляцияға қысымды күшейткен.

Бекзат Аманов, тілші:

- Әлемдегі қымбатшылық пен Ресейдегі жоғары инфляция Қазақстан экономикасына ауыртпалық түсірді. Сауда қақтығысы да үдеп, ахуал ушығып барады. Бұлай жалғаса берсе, жаһандық рецессияның ауылы алыс емес. Дамыған мемлекеттер мөлшерлерлемені төмендетуге асықпайды. Себебі, қазір бұл – үлкен тәуекел. Біздегі мөлшерлермені өзгеріссіз қалдырудың бір себебі осы.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Болашақта осы шаралар дезинфляциялық әсер бере бастайды деп күтеміз. Оны инфляцияға қатысты бірқатар көрсеткіштің баяулауынан көріп отырмыз. Әлемдік нарықтағы жағдайды қадағалап, елдегі инфляциялық процестерге тигізетін әсерін бағалап отырамыз. Әлемдік экономика конъюнктурасы күрт өзгеріп, сыртқы сектордың тәуекелдері іске асқан жағдайда Комитет бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін базалық мөлшерлеме туралы кезектен тыс шешім қабылдауы мүмкін.

Өткен айда елдегі жылдық инфляция деңгейі 10%-ке жетті. Ахуал ақпан айымен салыстырғанда жақсарғанымен, көрсеткіш әлі де көңіл көншітпейді.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

- Инфляция екітаңбалы межеге жетті. Бұл ставканы қазір төмендетуге болмайды деген сигнал. Мақсатымыз – инфляцияны 5%-ке дейін түсіру. Сондықтан біз қатаң шешім қабылдауға мәжбүрміз. Баға өсімі баяулағанша жоғары ставканы ұстаймыз.

Әзірге жағдай құбылмалы. Сондықтан базалық мөлшерлеменің жақын арада төмендеуі екіталай. Ұлттық банк салық реформасының ықпалы мен АҚШ-тың тарифтік саясаты сынды факторларды ескере отырып, тәуекелдерді бағаламақ. Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін базалық мөлшерлеме туралы кезектен тыс шешім қабылдауға құзыретті.

Авторлары: Бекзат Аманов, Мерей Талап