Еліміз газ саласын дамытуға 2029 жылға дейін $25 млрд инвестиция салуды көздейді

Еліміз 2029 жылға дейін газ саласын дамытуға арналған ауқымды жобаларды іске асыруды көздейді, деп хабарлайды 24kz.

Бұған 25 млрд доллар инвестиция тартып, ондаған мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар. Мұнай-газ химия өндірісіне қарқын беру үшін арнайы заң әзірлеу жайы да пысықталып жатыр. Бұл жайында сала мамандары мен сарапшылар елордада өткен конференцияда баяндады. Бүгінде әлем елдері табиғи газ арқылы көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуге ұмтылып жатыр. Қазақстан да бұл бағыттағы міндеттемелерін орындауға бел буған. Мәселен 2030 жылға дейін жылдық қуаты 8 миллиард текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауыттары салынады. Елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жұмыстары жалғасып, сұйытылған мұнай газының өндірісі де айтарлықтай артады.

Нұрлан Жұмағұлов, сарапшы:

- Бұрын біз отын ретінде қолданатын болсақ, қазір енді газдан біз өте сапалы, пайдалы тауар шығарамыз. Мысалы табиғи метаннан этилен, полиэтилен құбырлар. Мысалы газ бен полиэтилен құбыр бағасын салыстыратын болсаңыз, кемінде 30-40 есе. Бұл дегеніңіз, табыс, жаңа жұмыс көздері. Қазіргі таңда Атырау облысында 10 млрд долларға жуық инвест жобалар салынуда. Конференцияның мақсаты газ саласына жаңа инвесторлар тарту, жаңа серпін беру.