Asia Trafo зауыты жыл сайын 120 жоғары кернеулі трансформатор жасап шығарады

Орталық Азияда теңдесі жоқ зауыт. Шымкенттегі Asia Trafo трансформатор зауыты жылына 40 мың өнім шығарып, ТМД мен Шығыс Еуропа елдерін қажетті тауармен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды 24kz.

Компания ғылыми жобаларға да белсенді инвестиция салып келеді. Соңғы 5 жылда ғылымды дамытуға 5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген. Ал қайырымдылық бағытында 3 жылда 7 миллиард теңгеге жуық ақша жұмсаған. Бұл зауыттың жұмысымен жуырда Шымкентке сапар жасаған Президент те танысып қайтты.

Шымкент қаласының өндірістік әлеуеті қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы табысты жобалардың бірі – Asia Trafo трансформатор зауыты. Alageum Electric – компаниялар тобына енетін кәсіпорындардың бірі. Шымкентке сапары кезінде зауытты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзі барып көрді. Бүгінде зауыт жыл сайын 120 жоғары кернеулі трансформатор жасап шығарады.

Сансызбай Мейірбек, «Asia Trafo» ЖШС сынақ инженері:

- Біздің сынақ лабораториямызда жоғары вольтты және жоғары температураға шыдамдылығы және акустикалық сияқты сынақ түрлерін өткіземіз.

Alageum Electric компаниясы салынған Asia Trafo зауыты – Орталық Азиядағы баламасы жоқ кәсіпорын. Былтыр зауыт Қазақстанда тұңғыш рет қуаттылығы 250 мегавольт ампер, кернеуі 500 киловольт болатын алып автотрансформатор жасап шығарған. Бүгінде мұндағы өнімнің 80%-і ішкі нарыққа сатылса, ал 20%-і сыртқа экспортталады. Зауыт өнімі Қазақстан нарығынан бөлек, ТМД елдері мен Шығыс Еуропаға да экспортталады. Компанияның алдағы жоспары да ауқымды.

Сайдулла Қожабаев, Alageum Electric компаниялар тобының негізін қалаушы:

- Келешекте осы Алматы қаласынан, Астана қаласынан, осы жаңағыдай ғылыми инженер дайындаайтын мектеп жасап, соларды іске қоссақ деп отырмыз. Қазір Британияның үлкен университеттерімен келісімшарт жүргізіп жатырмыз.

Alageum Electric компаниялар тобына Кентау, Орал, Шымкент және Петропавл қалаларындағы зауыттар кіреді. Бұл кәсіпорындар жылына 40 мың трансформатор шығаруға қауқарлы және Қазақстанның бұл өнімге деген ішкі сұранысын толықтай қамтамасыз етіп, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне үлес қосып келеді.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев