Әлеуметтік бағыттағы бизнестің үлесі артып келеді

Елдегі әлеуметтік кәсіпкерлердің саны мыңнан асып жығылады. Былтыр сәуірде бұл көрсеткіш 800-ден сәл асқан еді. Осыған қарағанда әлеуметтік бағыттағы бизнестің үлесі біртіндеп артып келеді. 

Халықтың әлеуметтік осал 9 тобы бар: оның ішінде зейнет алды жасындағы азаматтар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, балалар үйінің 29 жасқа дейінгі түлектері, жазасын өтеп, түрмеден босаған азаматтар және қандастарымыз кіреді. Енді сауалыңызға оралар болсақ,  дәл осындай жандарды жұмыспен қамтып, оларға қызмет көрсетуден көш бастаған – Астана қаласы.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің тізілімі толықты

Әлеуметтік кәсіпкерліктің рейтингісіне толығырақ тоқталсақ: 1 сәуірдегі жағдай бойынша алғашқы бестікке Алматы қаласы, Батыс Қазақстан, Алматы және Абай облыстары кірген. Әсіресе бас шаһардағы өсім қуантады. Былтыр сәуірде мұндай субъектілердің саны 160-тан асса, енді, міне, көріп тұрғандарыңыздай, тағы 50 шақтысы қатарға қосылды.

Әлеуметтік кәсіпкерлік нысандары

Жалпы саны: 1094

Астана  - 219

Алматы - 141

БҚО -115

Алматы облысы - 69

Абай облысы - 61

Дәл осы әлеуметтік кәсіпкерліктің тізілімін Түркістан, Ұлытау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары түйіндеп тұр.

Әлеуметтік кәсіпкерлік нысандары

Жалпы саны: 1094

Ұлытау облысы - 18

Түркістан облысы - 25

Павлодар облысы -14

СҚО - 14

Жетісу облысы - 9

Сонымен қазіргі таңда елде 1094 әлеуметтік бағыттағы бизнес нысаны тіркелген. Оның 22%-і әлеуметтің осал топтарын жұмыспен қамтып отыр. Медициналық және түрлі әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсететіндері – 21,5%. Ал сауда және қызмет көрсету саласында қолдау көрсететін нысан үлесі небәрі 3% құрап отыр. Есесіне оқу-ағарту қызметімен айналысатын кәсіпкерлер 53% асады. Яғни әлеуметтік бизнестің тең жарымынан астамы осы қызметке тиесілі.

Кәсіпкерлік субъектілерінің формасына тоқталсақ, 30%-і – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, 60%-і – жеке кәсіпкерлер, тағы 10%-і – үкіметтік емес ұйымдар.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына не кедергі?

2022 жылдың 1 қаңтарында «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң» қабылданған еді. Сол кезде елімізде бейресми мәлімет бойынша 200-ге тарта осындай кәсіп болған. Енді, міне, үш жылда олардың саны 5 есе өскенін көріп тұрмыз. Сол заңда 10 түрлі жеңілдік қарастырылған. Алайда оның бәрі мүлтіксіз іске асырылып жатқан деу қиын. Бұл жөнінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қосалқы комитет басшысы былай дейді.

Әйгерім Жаналиева, «Атамекен» ҰКП Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қосалқы комитеттің төрайымы:

- Жалпы қазіргі кезде әлеуметтік кәсіпкерлердің қиындықтары – бұл мемлекет тарапынан берілетін шаралардың жеткіліксіз болуы. Сондай-ақ заң бойынша преференциялардың іске аспауы деп айтуға болады. Жалпы мемлекет тарапынан 10 шақты преференция ұсынылған. Бірақ та қазіргі кезде екеуі ғана жұмыс істеп жатыр. Бұл мемлекеттік гранттар және Даму бағдарламасы бойынша жеңілдік.

Орталық Азиядағы тұңғыш әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған хабтың құрылысына кіріскен Эмин Әскеровтен де осы жайлы сұрап едік. Осы мәселеге қатысты әлеуметтік кәсіпкер мынадай жауап қатты:

Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:

- Өкінішке қарай, әзірге Ұлттық экономика министрлігі тарапынан толық қолдау көре алмай келеміз. Заңда әлеуметтің кәсіпкерлікті қолдаудың нақты тетіктері жазылған. Бірақ ведомство бұл заңға сүйене отырып, жеке актілерді әлі әзірлемеді. Мәселен, бір ай бұрын ғана салықтық жеңілдіктерге қатысты ұсыныстарды дайындап, жолдаған едік. Әзірге әліптің артын бағып жүрміз.

Іске аспай жатқан тетіктерге тоқталсақ: екінші деңгейлі банктердің бизнестің осы түріне жеңілдетілген несие беруге асықпайтыны бар. Десе де субсидиялау мен кепілдік беруде оң өзгеріс байқалады. Ұлттық экономика министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, былтыр әлеуметтік кәсіпкерлікке тиесілі 48 жобаға  6,5 триллионға жуық субсидия бөлінген. Екі жыл бұрын тек бір жобаға 11 млн теңге бөлініпті. Сондай-ақ әлеуметтік бизнеске берілген кепілдік соммасы да біршама ұлғайған. Мәселен, 2023 жылы 11 жобаға 1 млрд 400 млн мөлшерінде белгіленсе, былтыр 14 жобаға кепілдік сомасы 2 млрд теңгеге жеткен екен.

Ойтүйін мынау: әлеуметтік кәсіпкерлік заңда қарастырылған жеңілдіктер іске асу үшін тереңірек зерттеу жүргізіп, тиісті заң актілерін енгізу қажет. Сонда елдегі әлеуметтік кәсіпкерлік ширай түспек. Креативті индустрияны дамыту үшін үшін бірқатар жеңілдіктер жасалды ғой? Қазір соның жемісін көріп те жатырмыз. Сол сияқты әлеуметтік кәсіпкерліктің тынысын ашу үшін де қолдау механизмдерін заңнамалық тұрғыдан жетілдіре түсу керек.