Қазақ қойына сұраныс артып келеді

Оның ішінде шопан ата түлігін тірідей сатып алатындар қатары артты.

Мәселен, іргедегі өзбек жұрты 2023 жылы 30 мың қой сатып алса, былтыр 40 мыңнан астамын әкеткен.

Қой етіне де қызығатындар көп. Былтыр 15 мың тонна ет экспортталды. Үкімет бұл көрсеткішті ұлғайтуға жұмыс істеп жатыр.

Кейінгі жылдары ақырындап көбейіп келеді. Қазір елде 20 млн-нан астам қой бар. Үкімет тарапынан осы қой өнімін еселеу бағытындағы жұмыстар қолға алынып отыр.

Қойға берілетін субсидия көбейеді

Қой шаруашылықтарына берілетін субсидия саны көбейеді. Қазір бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігі пысықтап жатыр. Яғни бордақылау алаңдарында қыс-көктем мезгілдерінде қозыны семіртуге жұмсалатын шығынның бір бөлігі өтелмек. Сондай-ақ ет комбинаттарына қой етін тапсырғандарды субсидиялау қарастырылып отыр. Бұл бастама шаруашылықтарды жыл бойы төл алуға ынталандыруға тиіс. Нәтижесінде ішкі және сыртқы нарықтарды қой етімен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар жүн бағытындағы шаруашылықтарды қолдау мақсатында шығынды өтеу жолдары ойластырылып отыр.

Кофе ішетіндер көбейді

Қазақстандықтар кофе ішуді көбейтті. Биылғы қаңтар-ақпан айларында кофе импорты 45 пайызға өсті. Екі айда шетелден 780 тоннадан аса кофе әкелінді. Былтырғы қаңтар-ақпанда елге 540 тоннадан астам өнім жеткізілген еді. Ал жалпы былтыр импорт 13 пайызға артып, 3 600 тонна кофе шетелден келді. Ел тұрғындары негізінен Бразилия мен Ресейдің өнімін тұтынады. Яғни импорттың 48 пайызы Бразилияға, 19 пайызы солтүстіктегі көршімізге тиесілі. Дегенмен келешекте Қазақстан өз кофесін экспорттамақ. Қорғас арнайы экономикалық аймағында кофе өңдейтін зауыт салынады.

Балық шаруашылықтарының саны өсті

Елде балық шаруашылықтары көбейіп келеді. Үш жыл ішінде олардың саны екі есе өсіп, 600-ге жеткен. Соған сай балық өнімдері нарығы да былтыр 9,3 пайызға артты. Елде 96 600 тонна өнім өндірілді. Ал 2023 жылы өндіріс көлемі 88 мың тоннадан сәл асқан еді. Былтыр елде өндіріс қуаты 2 600 тонна болатын 30 жоба жүзеге асты. Дегенмен былтыр балық экспортының көлемі 11 пайызға кеміді. 23 400 тонна экспортталды.

Үкімет экспорттың төмендеуіне қатысты екі себепті атады. Біріншісі, елде балықты тұтыну көлемі артқан. Яғни жан басына шаққанда бұрынғыдай 4 келі емес, 5 келіге жеткен. Сондай-ақ Еуропалық одақ елдеріне логистика құны қымбаттап отыр. Қазір елде кәсіпорындарды қолдау шаралары қолға алынды.

15 мың компания салық төлемеген

Елде 15 мыңнан астам компания салық органдарына қарыз. Мемлекеттік кірістер комитеті арнайы тізім жариялады. Тізімде берешегі 589 мың теңгеден асқан және оны төрт ай бойы өтемеген заңды тұлғалар көрсетілген. Олардың жалпы қарызы 760 млрд теңге жуықтайды. Дегенмен берешектің 60 пайызы, яғни 448 млрд теңгесі он борышкерге тиесілі. Бұлардың басым бөлігі – сауда, ойын бизнесі және құрылыс саласындағы компаниялар.

Қарыз сомасы бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Алматылық ұйымдардың салық берешегі – 370 млрд теңге. Екінші сатыдағы Алматы облысындағы кәсіпкерлердің қарызы 150 млрд теңгеден асады. Үштікті Астана түйіндейді. Сондай-ақ алғашқы бесеудің қатарына Қарағанды мен Ақтөбе облыстары еніп отыр.