Туризм: 181 инвестициялық жоба жүзеге асады
Шетелден келетін туристерді тарту маңызды. Осы орайда елде құны 1 трлн теңге болатын 181 инвестициялық жоба қолға алынбақ. Олар 2027 жылға дейін жүзеге асуы тиіс.
Нәтижесінде туризм саласында 800 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Әсіресе ауыл-аймақта агротуризмді дамытуға көңіл бөлінеді. Бұл 10 мың жұмыс орнының құрылуына сеп болмақ.
Сондай-ақ елде туризм саласын бірыңғай сандық жүйеде біріктіріледі. Ол арқылы сапарды жоспарлаудан бастап, тұрғын жайды реттеу және байланыс сияқты кезеңдерді интеграциялау көзделеді.
Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- Үкімет отырысында да туризмді цифрландыруға ерекше назар аударылды. Демек, бұл үлкен маңызға ие бастама. Қазір елімізде 8 тілде қолжетімді Kazakhstan.travel туристік порталы жұмыс істейді. Әуежайларда QR код жүйесі, сондай-ақ eQonaq қонақтарды тіркеу платформасы іске қосылған. Десе де, біз цифрлық шешімдерді дамыта береміз. Енді ұялы байланыс операторларынан бастап электрондық төлем жүйелеріне дейінгі жаңа дерек көздерін біріктіру қажет. Мұндай кешенді тәсіл туристер мен сала өкілдері үшін ашық және ыңғайлы цифрлық ортаны құруға мүмкіндік береді.