Қостанай облысында заманауи тауарлы-сүт фермасы ашылды

Қостанай облысының Новотроицк ауылында заманауи тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Алты жүз сауынды сиырға есептелген фермада жылына 3 мың 600 тонна сүт өндіріледі. Және олар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Жобаның тиімділігін байқаған кәсіпкер шаруашылығын кеңейтпек ойы бар. 

Новотроицк ауылындағы бұл ферма бір жылдың ішінде салынды. Төрт-бес ай бұрын Ресейден голштино-фризска тұқымына жататын құнажындар сатып алынған. Бүгінде олар төлдеп, сүт бере бастады.

Қанат Шағыров, «Астам и К» ЖШС директоры:

- Бүгінгі күнде біз бір бас сиырға 24 литр сүт тәулігіне сауып жатырмыз. Ол енді орташа. Әлі бұл бірінші бұзаулаулары. Сүт көбейеді деп ойлаймыз. Жобаның ақталуы 5,5 жыл деп отырмыз.  

Екі жарым миллиард тенге тұратын бұл жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асты. Толық қуатына шыққанда бұл ферма күніне шамамен 3 миллион теңге табыс табады екен.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Медициналық нормаға қарасақ, бір адам жылына 300 литр өнім, әртүрлі сүттен шығарылған өнімді пайдалану керек. Енді мынау бір ферма жылына 3,5 мың тонна сүт өндіреді. Сондықтан, мінеки, бір ферма 10 мың адамды жаңағы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Жаңа фермада Новотроицк ауылының 30-дан астам тұрғыны жұмыс тапты. Ал енді сүт сауу бөлімі соңғы технологиямен жабдықталған. 

Мүслім Қабдыбеков, инженер-механик:

- Шырша деп аталатын сүт сауу залы 15 орынды екі қатардан тұрады. Яғни бірден 30 сиыр сауылады. Малдың жай-күйі, не жеп, қанша сүт бергендігі орталық басқару жүйесінде көрініп отырады.

Қостанай облысында осындай 6 тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр. Олардың бәрі іске қосылғанда жылына қосымша 20 мың тонна сүт өндірілетін болады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг