Қазақстан мен Ұлыбритания ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ
Қазақстан мен Ұлыбритания ауылшаруашылық саласы бойынша ынтымақтастықтың жол картасын бекітті, деп хабарлайды 24kz.
Тараптар сондай-ақ су ресурстарын басқару бойынша меморандумға қол қойды. Лондонда Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Ұлыбритания – еліміздің негізгі сауда серіктесі және ірі инвесторлардың бірі. 34 жылда тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 22,5 миллиард доллардан асады. Сан-салада байланыс кеңейіп жатыр.
Былтыр Қазақстан Ұлыбританиямен ынтымақтастық туралы тарихи келісімге қол қойды. Бұл маңызды құжат қос тараптың ресми тұлғаларына және бизнес қауымдастығына бірлесіп әрекет етуге және ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға серпін берді.
Әлібек Қуантыров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Жалпы біздің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтасық қатты дамып жатыр. Енді көрсеткіштерге қарағанда, мысалы, екіжақты тауар айналымы Қазақстан деректері бойынша былтыр 900 млн долларды құрады.
Александр Дуглас, Ұлыбритания Сауда саясаты және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі:
- Жылдам дамып жатқан экономикаға деген біздің бизнес қауымдастықтың қызығушылығы жоғары. Біз бұл байланыстарды қолдауға дайынбыз. Ұлыбритания қос елді де дамуға жетелейтін секторларға ерекше назар аудармақ.
Енді екі ел арасында су тасқынының алдын алу және су инфрақұрылымын дамыту саласында ынтымақтастық нығаяды. Елімізде 42 жаңа су қоймасының құрылысы жүргізіліп, 37 гидротехникалық қондырғы жаңғыртылады. Ол үшін жаңа технологиялар мен инвесторлар қаржысы қажет.
Ерболат Ибрайханов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:
- Өзіміздің жоспарды іске асыру үшін үлкен қаржы қажет. Осы жерде өздеріңіз білесіздер, UKЕF деген ұйым бар және бүкіл жаңағы қаржы орталықтары осы Лондон қаласында орналасқан. Сол мәселе бар, қаржы тарту мәселесі, біріншіден. Екіншіден, мынау жаңа технологияларды тарту.
Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты да арттыруға ниетті. Осы мақсатта жол картасына қол қойды.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- 2024 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің арасында ауыл шаруашылығы саласында тауар айналымы 50 млн долларды құрап отыр. Біз оны арттыруымыз керек. Бұл – басты мақсаттың бірі. Осы бойынша біз бірнеше келісімге келдік.
Кездесуде ғылым және жоғары білім тақырыбы да назардан тыс қалған жоқ. Қазақстанда филиалы ашылып жатқан британиялық Кардиф университетіне мемлекеттік білім гранттарын бөлу және жергілікті халықаралық стандарттар бойынша оқу кампусын салу үшін жер учаскесін бөлу мәселесі көтерілді.
Серік Қалқаманов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:
- Бұл бастама жаңа инвестициялар ағынына жол ашады. Сонымен қатар британиялық тарап сендіріп отырғандай жоғары қосымша құны бар тауарлар мен қызмет түрлерін ұсынуға зор мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі британ фармацевтикалық компаниясымен биопрепараттарды оқшаулау жөніндегі жобаны жүзеге асыруға уағдаласты.
Мағжан Ілиясов, ҚР Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мұның бәрі екі ел арасындағы даму динамикасын айқындайды. Бүгінгі іс-шара іскерлік қарым-қатынас жағдайында өтті. Нақты мақсаттар қойылды. Қазақстандық мемлекеттік органдардың өкілдері бәрін өз көздерімен көрді. Келесі үкіметаралық отырыста ауқымды жобалардың жүзеге асқанына куә боламыз деген үміттеміз.
Үкіметаралық отырыста түрлі кедергілер мен түйінді мәселелерді шешу жолдары да айқындалды.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы