Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері артады
Елде жаңғыртылатын энергия көздерінен алынатын қуат көлемі артты. Алғашқы жарты жылдықтағы көрсеткіш 11%-тен асқан. Дегенмен қуат көзін пайдаға жарату да еселеніп жатыр. Мамандар өндіріс пен тұтыну арасында алшақтық барын айтады.
Электр энергиясын тұтыну үлесі артты
Былтыр елде электр өндірісі мен тұтыну арасындағы айырмашылық сағатына 2,5 млрд кВт-қа жуықтады. Ішкі нарықта сағатына 120 млрд кВт қуат қажет болғанда елдегі барлық электр станциясы сағатына 118 млрд кВт-ын өндірген. Мұндай алшақтық алдыңғы жылы да тіркелген еді. Жетпегені Ресейден жеткізілді. Кейінгі жылдары дәстүрлі қуат көздерінен алынатын энергия көлемі азайып жатыр. Жүйелік оператордың мәліметінше, алдыңғы жылы оның үлесі 77% болса, былтыр 74%, яғни сағатына 88 млрд кВт құрады. Барлық қуат көзінің 9,5% су электр станцияларынан, 10% газ турбинасынан, 5,5% жаңғыртылатын энергия көздерінен алынды.
Энергетика саласында дефицит бар
Жыл соңына қарай елде сағатына 5,7 млрд кВт қуат жетіспеуі мүмкін. Энергетика министрлігі 2025-2031 жылдарға арналған болжамды бағамдады. Бір жыл бұрын мамандар генерацияның сағатына 121 млрд кВт болатынын көздесе, қазір оның үлесі сағатына 117 млрд кВт-қа дейін азаятынын айтады. Дегенмен келесі жылдары көрсеткіш реттеледі. Өйткені энергетика саласында бірқатар ірі жоба іске қосылады. Сөйтіп, тапшылық сағатына 2,6 млрд кВт-қа дейін азаяды. «Жобалар сәтті жүзеге асса, тіпті профицит тіркеліп қалуы мүмкін», – дейді Energyprom сарапшылары.
Ауқымды жобалар жемісін береді
Әйтсе де алдағы 10 жылда электр энергиясы саласы қарқынды дами түседі. Құзырлы министрлік арнайы жоспарды жариялады. Оған сай елде жалпы қуаты 26,4 ГВт болатын жаңа жобалар қолға алынады. Әрине, ауқымдысы деп АЭС мен жаңа ГРЭС-3 нысанын айтуға болады. Бұдан бөлек, 11 өңірде бу газ қондырғылары орнатылады. Ол қосымша 4,5 ГВт қуат алуға мүмкіндік береді.
Жаңартылатын энергия көздері артады
Жыл басында елде жаңартылатын энергия көздерінен алынған қуат көлемі сағатына 1961,6 млн кВт құрады. Оның ішінде жел электр станцияларының үлесі айтарлықтай, сағатына 1,5 млн кВт өндірілген. Тізімді күн станциясы, кіші ГЭС және биоэлектр станциялары жалғайды. Осылайша жалпы қуат көзінің 6%-ін осы сала қамтып отыр. Мамандар көрсеткіштің еселене түсеріне сенімді. 4 жылда елде төрт жел электр станциясы бой көтереді. Ірі нысандардың ортақ қуаты 3,8 ГВт болады. «Оған БАӘ, Франция және Қытай инвесторлары қаржы құяды», – дейді мамандар. Жалпы еліміздегі жаңартылатын энергия көздерінен алынатын қуат көлемі 2030 жылы 15%-ке, 2050 жылы 50%-ке жеткізу жоспары бар.