Елімізде сауда орындарын сақтандыру міндетті болады

Елдегі сақтандыру секторының активтері жалпы ішкі өнімнің орташа алғанда 2,4%-ы.

Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 7-8% шамасында.

Дегенмен, мамандар сақтандыру нарығының негізгі көрсеткіштері артып келе жатқанын айтады. Кейінгі бес жылда ұйымдардың жиынтық активтері 2,5 есе өсті.

Өмірді сақтандырудың кепілдігі кеңейеді

Биыл өмірді жинақтаушы сақтандырудың барлық түріне кепілдікті кеңейту көзделеді. Тиісті заңнамалық түзетулерді Парламент қарап жатыр. Қазір сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігі 10 санатқа қолданылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, әсіресе өмірін ерікті сақтандыратындардың қатары артып келеді. Ал Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы жариялаған есепке сүйенсек, сақтандыру ұйымдарының биылғы таза пайдасы 18 млрд теңгеге жеткен. Бас-аяғы 6 млн шарт жасалды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 34%-ке көп. Оның басым бөлігін жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша шарттар қамтыған. Ал сақтандыру сыйақылары 391 млрд теңгені құрады. Бұл 21%-ға артық көрсеткіш.

Мария Хаджиева, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:

- Мұндай шаралар сақтандыру өнімдеріне деген қызығушылықты арттырады. Бұл сәйкесінше азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне кепіл әрі оларды ұзақ мерзімге ақша жинауға ынталандырады. Биыл біз сақтандыру қызметін пайдаланушылардың құқығын қорғауға бағытталған шараларды кеңейтеміз. Мысалы, банктен қарыз алатындарға сақтандыру шығындарын азайту бойынша заңға өзгеріс енгізуді көздеп отырмыз. Ол қазан айында күшіне енеді.

Сауда орындарын да сақтандыру міндеттеледі 

Елде ауданы 2 мың шаршы метрден асатын сауда және ойын-сауық орындарын сақтандыру міндеттеледі. Бұл нысандарда өрт не басқа да төтенше жағдай орын алса, зардап шегушілерге өтемақы төлеуге мүмкіндік береді. Заң жобасы қаралып жатыр. Мария Хаджиева елде төтенше жағдайдан сақтандыру үрдісін қалыптастыру қажет дейді. Әзірге сақтандырылған үйлердің үлесі үш пайыз ғана. Әрине түрлі апаттың салдарын жою қомақты қаражатты талап етеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары осы ретте бюджет, сақтандыру ұйымдары және сыртқы қаржы көздерін біріктіруді ұсынады. Яғни шығынды мемлекеттік және жеке меншік серіктестік аясында өтеу қажет дейді. 

Мария Хаджиева, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:

- Қазақстан үшін төтенше жағдайлардан сақтандыруды енгізу өте маңызды. Өйткені бізде жер сілкінісі, су тасқыны, орман өрті, қуаңшылық тәуекелі бар. Былтыр Алматыда болған жер сілкінісі мен батыс, солтүстік аймақтардағы су тасқыны салдарынан екі жүзден астам елді мекен бүлінді. Әзірге сақтандырылғандардың үлесі тым аз. Мұндайда бірнеше қаржы көздерін қосатын көпдеңгейлі сақтандыруды енгізу маңызды.

Сақтандыру саласын цифрландыру нәтиже берді

Сақтандыру саласын цифрландыру да күн тәртібінде. Былтырдан бері халыққа сақтандыру келісімдерін онлайн рәсімдеуге және тиісті пакетті қашықтан алуға мүмкіндік жасалды. Еурохаттама сынды онлайн сақтандыру қызметі де іске қосылды. Соның арқасында автосақтандыру бойынша төлемдер еселенген. Жол көлік оқиғасына тап болған жүргізушілерге бүгінге дейін 2,8 млрд теңге берілді. Жалпы сақтандыру ұйымдарының міндеттемелері өсуіне байланысты ақпанда жүйенің қаржылық тұрақтылығын арттыру үшін қайта сақтандыру пулы құрылды. Бұл пул жүктемені оның қатысушылары арасында тиімді қайта бөлуге, сақтандырудың жалпы шығындарын азайтуға және сақтанушыларға сақтандырудың тиімді шарттарын жасасуға мүмкіндік береді дейді мамандар. Жыл басынан бері міндетті сақтандыру сыйақылары 61 млрд теңге болды. Бұл былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 10%-ға артық. Өсімге көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру сыйақыларының 27,6%-ға, яғни 27,5 млрд теңгеге дейін артуы себеп.