2030 жылға қарай шаруалар толықтай отандық тыңайтқышпен қамтылады

Межеге жету үшін өндіріс орындарын жаңғырту және жаңаларын салу жоспары бар.

Негізгі мақсат азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы нарықтағы қазіргі ахуал қандай?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- 2030 жылға дейін еліміздегі тыңайтқыш өндірісі 4 млн тоннадан асады. Мамандар бес түрлі жаңа өнімдерді де нарыққа шығармақ ниетте. Әзірге елдегі қажеттіліктің 80% өтеу үшін аммофос өндірісін 1,5 млн тоннаға дейін, селитраны 800 мың тоннаға, аммоний сульфатын 70 мың тоннаға, карбамидті 800 мың тоннаға, калий хлоридін 700 мың тоннаға және дикальций фосфатын 300 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, былтыр тыңайтқыш өндірісі 1 трлн теңгеден асқан.

Шаруалардың отандық тыңайтқышпен толық қамту үшін Ақтөбе және Маңғыстау өңірлерінде жаңа өндіріс орындары бой көтереді. Министрліктен өндіріске қажет шикізатқа қосылған құн салығы салынбайды. Бұл импорттық өнімдермен бәсекеде оң әсерін тигізген. Ал субсидияланатын тыңайтқыштың заңсыз экспортын тыю ішкі нарықтағы бағаның тұрақталуына ықпал етті. Қазір екі нысан ғана өнімін сыртқа шығаруға құқылы.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Кейінгі 5 жылда тыңайтқыш өндірісі ұлғайып келеді. Жыл сайынғы орташа өсім 5% шамасында. Бұл отандық өндірушілердің тынымсыз еңбегі. Мемлекеттік қолдау да айрықша нәтиже беріп келеді. Былтыр елдегі тыңайтқыш өндірісі 7%-тен асты.

Минералды тыңайтқыштарды субсидиялау еселенеді

Биыл минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына екі есе көп қаражат қарастырылды. 83,4 млрд теңгенің 48 млрд-ы Үкімет резервінен, қалғаны жергілікті бюджеттерден бөлінген. Соның арқасында шаруалар тыңайтқыш құнының 40%-ін ғана төлеп, алып отыр. Мамандар кейінгі кезде минералды тыңайтқыштарды қолдану үлесі артып жатқанын айтады. Бес жыл бұрын 600 мың тоннасы пайдаланса, былтыр бір жарым млн тоннаға жуықтаған. Ал ғалымдар егінге арналған жерлерге 3,2 млн тонна тыңайтқыш керек дейді. Оның 1,2 млн тоннасы азоттық тыңайтқыш, 1,5 млн тоннадан астамы фосфорлы, тағы жарты млн тонна калий тыңайтқышы. Бұның басым бөлігі елде өндіріледі.

Топырақ құнарын арттыру үшін тыңайтқыш қажет

Ал жерді зерттеу мемлекеттік институтының дерегіне сүйенсек, кейінгі жылдары елдегі топырақ құнарлылығы 17%-ке төмендеген. Бұл өнімділіктің азаюына себеп боп тұр. «Ахуалды түзеу үшін аймақтық топырақ құнарын арттыру бағдарламаларын әзірлеу керек», - дейді ғалымдар. 2030 жылға дейінгі «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасында» да топырақ құнарлылығын сақтау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмей отырғаны айтылған. Сол себепті минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемін 50%-ке жеткізу ұсынылған еді. Қазір оның үлесі шамамен 40%. «Оны еселеу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 30%-ке дейін арттыруға», - дейді мамандар.