Ақмола облысында сүт өндірісі өсіп келеді
Сүт өндірісі елімізде жыл өткен сайын жанданып келеді. Осыдан 2 жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасына сәйкес 70-ке жуық сүт-тауарлы фермасының құрылысы қаржыландырылды. Тиісінше қуаттылығы 270 мың тоннадан асатын 40 ферма пайдалануға берілді. Соның бесеуі Ақмола облысында орналасқан. Ақмола облысындағы шаруа қожалықтарының бүгінгі хал-ахуалы қалай? Күніне қанша тонна сүт өндіріледі?
Қазір Ақмола облысында 48 сүт-тауарлы фермасы бар. Соңғы 2 жылда 5 ферма іске қосылып, олардан күніне 40 мың литрге жуық сүт өндіріліп отыр. Бұл шаруашылықтардың барлығы да мемлекет қолдауы есебінен 2,5%-тік жеңілдетілген несиелер мен субсидияларға қол жеткізген. Сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қараларды баптауда қандай тың технологиялар қолданылады? Өндіріс көлемін қанша есе көбейту көзделіп отыр?
Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарымен ат басын бұрын алғашқы кәсіпорын Ақкөл ауданындағы Еңбек ауылында орналасқан. Шаруа қожалығы тұқым шаруашылығымен және сүтті бағыттағы ірі қараны өсіруге машықтанған. Малға қажетті жемшөпті өздері өсіріп, шаруашылық қалдықтарын тыңайтқыш ретінде қайта өңдейтіндіктен, еліміздегі алғашқы органикалық сүт-тауарлы фермасы саналады.
Ілияс Жүсіпов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауыл шаруашылығы департаменті басшысының орынбасары:
- Шаруашылыққа 900 бас ірі қараны әкелу көзделіп отыр. Бүгінде мұнда 240 бас мал бар. Жуық арада тағы 200-ін әкеледі. Жалпы бұл ферма құрылысы былтыр басталған. Құрылыс жұмыстары толықтай кәсіп иесінің өз қаражаты есебінен жүзеге асып отыр. Ал фермаға керекті құрал-жабдықтар мен мал басын сатып алуға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие ұсынылды.
Ірі қаралардың дені – Даниядан әкелінген голштин асылтұқымды сиырлары. Мал басы көп болғанымен, оларға күніне екі адам ғана баскөз боп отырады. Өйткені ферма толықтай жасанды интеллектпен жабдықталған. Роботтық жүйе күніне 65 басқа дейін саууға мүмкіндік береді. Соның арқасында кәсіпорын жылына 3 мың тоннаға дейін сүт өндіреді.
Олжас Батырханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент директорының орынбасары:
- Жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы осы 2023-2024 жылы 200 миллиард теңге бөлінді. Приоритеттік бағыттар бойынша 13 бағытымыз бар. Ол: тауарлы сүт фермалары, қайта өңдеу, балық шаруашылығы, жылыжайлар кешені. Одан басқа 13 бағыт бар. 13 бағыт бойынша қазіргі таңда кредиттеу іске асырылып отыр. 2024 жылы берілген қаражат есебінен қазіргі таңда 70,8 миллиард теңге сомасына еліміз бойынша жалпы алдыда 78 жоба қаржыландырылып отыр.
Ақмола облысын сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған тағы бір өндіріс орны Родина ауылында шоғырланған. Шаруашылықта 10 мыңнан астам ірі қара бар. Оның 3 мыңы сауын сиырлар. Шведтік қондырғылар, автоматты технологиялар мен кәсіпорын қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында мұнда күніне 110 тонна сүт өндіріледі.
Рустам Каркенов, шаруашылық директорының орынбасары:
- Фермада 3 мың сауын сиыр бар. Қазір біз тұрған орталықта соның 2 мыңы сауылады. Мұнда 48 адам жұмыс істейді, 5 сауыншымыз да бар. Сауу үрдісі тоқтаусыз жүреді. Мәселен, айналмалы мына бір қондырғы бір мезетте 80 сиырды саууға мүмкіндік береді. Әр сиыр күніне 40 литрға жуық сүт береді.
Сауу залында ірі қаралардың салмағын өлшеп, бақылап отыратын арнайы камералар орнатылған. Бұдан бөлек, ветеринария, ортопедия, тіпті гинекология бөлімі де бар. Агрошаруашылық өкілдерінің айтуынша, инвестициялық жобаны іске асыру сүт өндірісі көлемін 34 мыңнан 40 мың тоннаға дейін ұлғайтуға және еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сауын сиырлар санын 4,5 мыңға дейін ұлғайту да жоспарланып отыр.
Бағлан Аймырзаев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:
- Бұл кәсіпорындар, ең біріншіден, өзінің жемшөп базасын толық қалыптастырған. Біздер тек қана жемшөп базасымен айналысатын кәсіпорындарды басты приоритетке қоя отырып, осыларды жеңілдетілген несиемен қаржыландыруды жолға қойғанбыз. Бұл басты критерий болды.
Ал Мәншүк Мәметова ауылында өткен жылы 2 мың бас ірі қараға арналған өңірдегі ең ірі сүт-тауарлы фермасы іске қосылды. Фермада күніне 30 тоннадан аса сүт өндіріледі. 70 шақты адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, шаруашылық игілігін Ақмола, Қарағанды облыстарының және Астана қаласының тұрғындары көріп отыр.
Тимур Пішенов, шаруашылық директоры:
- Құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, 2024 жылы қолданысқа берілді. Жалпы жобаның құны 6,7 миллиард теңгені құрады. Оның 2 миллиард теңгеге жуығын өз қаражатымыздан құйсақ, қалғаны инвестициялық көмектің арқасында қолжетімді болды. Қызметкерлеріміздің орташа айлығы 500 мың теңгені құрайды. Мемлекет тарапынан 2,5%-тік несие алдық. Бұл біз үшін үлкен көмек.
Шаруа қожалығы да малға керекті жемшөптің 95% өздері егеді. Сондықтан кәсіп иесі жыл соңына дейін өндіріс көлемін күніне 50 тоннаға жеткізуді көздеп отыр.
Сала әлеуетін арттырып, азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында Үкімет тарапынан 5 миллиард теңгеге дейінгі сомада 2,5%-тік несие қарастырылған. Бұл ірімшік өнімдеріне импорттық тәуелділікті төмендетіп, отандық сүт өнімі тауарларын арттырады деп күтіліп отыр. Бұған сәйкес биыл тағы 20-ға жуық сүт-тауарлы фермасына қаржы құйылмақшы. Мақсат – жыл соңына дейін 600 мың тоннаға жуық сүт өндіретін 109 сүт-тауарлы фермасын салу. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін іске асыру шеңберінде биыл тағы 200 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қаржы несиелік бағдарлама ретінде шаруашылық қоймаларды жабдықтау, суару технологияларын енгізу, етті мал шаруашылығы және етті құс шаруашылығын дамыту, жылыжай кешендерінің жұмысын оңтайландыру бағыттарына жұмсалмақ. Несиелеу әр өңірдің сенімді өкілі арқылы жүргізіледі. Ал олар жергілікті атқарушы органдардың конкурстық іріктеуі нәтижесінде анықталады.
Авторы: Назым Қайрат