Қазақстан мен БАӘ: логистика саласындағы ынтымақтастық
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері Каспий аймағындағы сауда-саттықты бірлесіп дамытпақ ниетті.
Тараптар осы күні сыйымдылығы жоғары паромдарды іске қосу мен оған қажетті терминал салу бастамасын көтеріп жатыр. Жоба жүзеге асса, қазақстандық экспорттаушылардың транзиттік шығыны азайып, транскаспий дәлізінің мүмкіндігі артады.
Араб Әмірліктері Қазақстанның “Құрық” портына 30 млн доллар инвестиция бөлді. Шетелдік капитал теңіз жағалауында жаңа астық терминалын салуға жұмсалып жатыр. Жобаның жалпы құны 50 млн долларға тең. Инвестицияның қалған бөлігі жергілікті компания тарапынан тартылған. Құрылыс екі кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқысы келер жылы аяқталады. Осының нәтижесінде тауар тасымалдау қуаттылығы 1 жарым млн тоннаға дейін жеткізіледі.
Абдулазиз Заид Әлшамси, Абу-Даби порттары компаниясының атқарушы директоры:
- Каспий аймағындағы сауда-саттыққа тың серпін беру үшін бірқатар жобаларды қолға алып отырмыз. Қазақстандық серіктестерімізбен үлкен сыйымдылықтағы транскаспий паромдары мен қажетті терминалдық инфрақұрылымды іске қосу мүмкіндігі бар. Жоба әлі бастапқы кезеңде. Ол қазақстандық экспорттаушылар үшін транзит уақытын айтарлықтай қысқартады және Орталық дәліз бойымен сауда-саттық көлемін ұлғайтуы тиіс.
Маңғыстау
Мамандардың айтуынша, Каспий акваториясы еліміздің негізгі логистикалық хабқа айналуына кең мүмкіндік ашады. Отандық экспорттаушылар үшін тауар тасымалы жеңілдеп, транзит шығыны азаяды. Теңіз арқылы тек қара алтын емес, азық-түлік өнімдері экспортқа жөнелтіле бастайды. Бүгінде екі елдің бірлескен кәсіпорны мұнай тасымалы саласында сервистік қызметпен де айналысып жүр. Былтыр “Taraz”, “Liwa” кемелері каспий аймағымен 874 мың тонна қазақ мұнайын экспортқа жөнелтті.
ЦИТАТА: Абу-Даби порттары ұлттық компаниясы
“Қазтеңізтрансфлот” компаниясымен серіктестігімізге ірі танкерлік пул да кіреді. 2023 жылдан бері Қара және Жерорта теңіздерінде мұнай тасымалдайды. Былтыр бұл танкерлер 31 рейс орындады. Шамамен 2,8 млн метр тонна қазақ қара алтыны діттеген жерге жеткізілді. Екіжақты ынтымақтастығымыз аясында флотымызды кеңейтіп, шағын контейнерлік кемелерді іске қосу көзделіп отыр. Ол қазақстандық сауда жолдарын әртараптандыруға көмектеседі.
Айта кетейік, Транскаспий халықаралық бағыты немесе Орталық дәліздің маңызы қазір артып отыр. Ол Шығыс пен Батысты байланыстыратын негізгі логистикалық желіге айналды. Каспий айдыны арқылы Қазақстан, Әзербайжан, Грузия аумағын қамтып өтеді. Ал араб компаниясы әмірлікке мұхитқа шығар тікелей дәліз ашып қана қоймай, өзге де мемлекеттермен осы бағыттағы жобаларды қолға алды.
Рауан Мыңбай