Елдегі мақта алқабын 135,2 мың гектарға жеткізу жоспары бар

Қазақстанда жыл сайын 300 мың тоннадан астам мақта және 75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі.

Өнімнің 85%-ы Латвия, Түркия, Ресей, Қытай және өзге елдерге экспортталады. Алайда, қазір қосылған құнды арттыру және сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту үшін терең өңдеуді дамыту міндеті тұр. Мақта саласын дамыту мақсатында Жол картасы қабылданған. Бағдарлама шеңберінде ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жоба құны  147 млрд теңгеге жуықтайды. Оның аясында 50 мың гектар егістік игеріліп, 32 мың гектары биыл тамшылатып суарылатын болады. 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Айта кетейік, Түркістан облысында 25 мыңнан астам мақта шаруашылығы бар. Онда шамамен 70 мың адам еңбек етеді.  Былтыр мақта егістігінің ауданы 106 мың гектарды құрап, әрқайсысынан 28 центнерден астам өнім алынған. Нәтижесінде 302 мың тоннаға жуық мақта шикізаты жиналды. Биыл заманауи технологияларды қолдану есебінен егіс көлемін 135 мың 200 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.