Кәсіптің көзін тапқан ана

«Ана сәулесі» қоғамдық бірлестігі Қонаев қаласында 600-ден астам көп балалы анаға қолдау көрсетіп отыр.

Ұйым әйелдердің болашаққа деген сенімін арттыратын ашық алаң іспетті. 

Бүгінде көп балалы аналардың өзі қоғамда көшбасшылық роль атқарып, әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Сондай жандардың бірі Қонаев қаласының тұрғыны, кәсіпкер Жанат Қалжанова.

Жанат Қалжанова бес бала тәрбиелеп өсірген көп балалы ана. Ол кәсіпкер, «Ана сәулесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы және Қонаев қаласының құрметті азаматы. 15 жылдан бері Алматы облысындағы қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып келеді. Жанат өз кәсібін 2007 жылы жалғыз тігін машинасымен бастады. Оның цехында қазір оннан астам көпбалалы ана еңбек етеді. Олар негізінен қыз жасауын әзірлеумен айналысады.

Жанат Калжанова кәсіпкер, көп балалы ана:

- Чатта отырғаны 663 болса, қала бойынша 1800 көп балалы ана бар. Жаз бойы бізде бассейндар, зона отдыхалар, мектепке жаңағы "дорога в школу" дейміз ғой, мектепке дайындық, жоқ дегенде бір 200-250 балаға жасап жүрдік. Жаңажылдық шыршалар өткіземіз. Ай сайын мешіттен продукты береді жағдайы жоқ деген 10 отбасына. Қандай көмектер бар, солардың бәрін біздің енді қоғамдық бірлестік атқарып отыр.

Тігіншілік – Қалжановтар әулетіндегі отбасылық дәстүрге айлалған өнер. Бұл іске оны анасы баулыған. Жанат Медетқызы кейін қызы мен келінін үйретіп, кәсіби маман болып қалыптасуларына жол ашты. Өйткені ол табыс көзі ғана емес, әйел аналардың басын біріктіріп, қоғамдық жұмыстарға жұмылу мәселесін ақылдасатын орын іспетті. Түрлі бастамалар мен идеялар цехтағы жұмыс барысында туындайды. Олар тіккен өнімдер бүгінде өңірлермен қоса ТМД елдеріне де шыға бастады.

Индира Рамазан, Жанат Қалжанованың қызы:

- Біз қазіргі таңда этно-қазақи нақыштағы дизайндармен жұмыс жасап жатырмыз. Менің анамның 17 жылдық стажы бар. 17 жылдың ішінде өзінің көптеген үлестерін қосты деп айта аламын. Мен 5 жыл өзім универде оқып, дизайнер-модельер дипломын алып жатырмын. Сол себепті қазір мен өзімнің жеке курсымды ашып жатырмын.

«Әйел аналар еліміздің қоғамдық өміріне белсене атсалысуы қажет. Ол үшін  еңбек етіп, қаржылық тұрғыдан сауатты болулары тиіс. Сонда ғана мықты отбасын құрып, өз ісін  ілгерілете алады», – дейді кәсіпкер.

Жанат Калжанова кәсіпкер, көп балалы ана:

- Әйел адам үйде отырмау керек деп ойлаймын. Семьяда екі жұп бірге жұмыс істесе, жақсы көтеріледі. Екеуі бірдей жұмыс істеуі керек. Ол отбасы болғаннан кейін, бала-шаға бәрі ортақ болғаннан кейін жұмыс та, бәрі бірге болуы керек. Санаспау керек бір-бірімен. 

Жанат Медетқызы отбасылық құндылықтармен қоса кәсіпкерлік пен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүре алатынын  дәлелдеген тұлға. Отбасы күнінде осындай ісмер  аналардың дәріптелуі заңды. Өйткені олар отбасы институтын нығайтып, еліміздің экономикасын ілгерілетуге үлес қосып жүр. 

 Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов