Отандық нарықтың 15% онлайн саудаға тиесілі
Биыл жыл басынан бері елдегі жалпы ішкі өнім көлемі 6%-ке өсіп отыр, деп хабарлайды 24kz.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың алғашқы 4 айдағы қорытындысын Ұлттық экономика министрлігі жариялады. Анықталғандай, сауда-саттық көлемі 7%-ке, көлік саласы 22%-ке және ауыл шаруашылығындағы көрсеткіш шамамен 4%-ке артқан.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Соңғы жылдары отандық саудада тұрақты өсім байқалады. Биыл қаңтар мен сәуір айларының аралығында ішкі сауда-саттық көлемінің құны шамамен 20 трлн теңгеге жетті. Саладағы жоғары көрсеткішті сарапшылар табыс мөлшерінің өсуімен және тұтынушылық несиелендіру мүмкіндігінің кеңейтілуімен түсіндіреді. Сонымен қатар өндіріс саласы мен өндеуші өнеркәсіп секторы да пандемияға дейінгі деңгейінен асты. Жалпы өсім көрсеткіші – 7%. Көтерме сауда, бөлшек саудадан 1,5%-ке артты. Ондағы көрсеткіш тиісінше 7,5%-ке және 6%-ке тең. Нарықтағы баға өсіміне қарамастан бөлшек саудада тұрғындар бұрынғыша азық-түлікті көптеп сатып алады. Ал көтерме саудада шикізат, қосалқы және құрамдас бөлшектер, тағы көліктер жиі сатылып жатыр.
Бауыржан Темірбаев, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Макроэкономикалық зерттеулер мен болжау орталығының директоры:
- Жалпы ішкі өнімнің өсуі – 6%. Оны былтырғы көрсеткішпен салыстырып қарайық. 2024 жылдың осы кезеңінде ол 3,2-3,8% деңгейінде болған. Қарап тұрсақ, өңдеу сияқты салалардың дамуы арқылы экономика өсуде. Жақсы динамика қалыптасуда.
Қалалар бойынша қарасақ, сауда-саттық көлемінің өсуіне сүбелі үлес қосушы шаһарлардың үштігін Алматы, Астана және Шымкент қалалары бастап тұр. Өңірлер бойынша Атырау және Қарағанды облыстары көш басында. Жоғарыда аталған 5 аймаққа сауда көлемінің 72%-і тиесілі. Дәл қазір LED экран арқылы сандарды сөйлетсек.
Сауда-саттықтағы өсім көлемі
Алматы – ₸6,9 трлн
Астана – ₸2,8 трлн
Атырау облысы – ₸2,3 трлн
Қарағанды облысы – ₸1,2 трлн
Шымкент – ₸0,8 трлн
Қаржы айналымы бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында – шамамен 7 трлн теңге. Табыстың едәуір бөлігі көлік сатудан, құрылғы, дәрі-дәрмек, қосалқы бөлшектер мен шоколад өндірісінен түсіп тұр. Артынша елорда және Атырау облысы жайғасқан. Астана биыл газ бен дизель отынын, май мен сусын және ет пен сүт өнімдерін жақсы сатқан. Қара алтын астанасы – Атыраудың үлесіне әдеттегідей мұнай өнімдері, фармацевтикалық тауарлар, тағы көлік саудасы тиесілі. Ал Қарағанды өңірінде көбіне құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек саудаланады. Шымкентте жанар-жағармай, фармөнімдер, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қажетті заттар көп сатылған. Ал Түркістан облысы көкөніс пен жеміс-жидек, төрт түлік азығы мен өсімдік тұқымдарынан қомақты табыс тапқан.
Айдар Әбілдабеков, ҚР Сауда және интеграция министрлігі комитетінің төрағасы:
- Жылыжайлардың барлығы Түркістанда. Қазақстанда 79-80% Түркістан мен Шымкентте орналасқан жылыжайдардың бәрі. Яғни, олардың барлығы қазір осы кезеңде пісіп шығып жатыр. Орамжапырақ пен қызанақты саудалап жатыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда бидай дақылдары 5 есе сатылымы көбейіп отыр. Былтыр бидайды көп өсірдік қой. Қазір енді ауыл шаруашылығы министрлігі мен басқа да құзырлы органдар бар мысалы. Бидай дақылдарын шет елдерге сатуға жәрдем беріп отыр.
Айта кеткен жөн, отандық нарықтың 15%-і онлайн саудаға бейімделген. Электрондық сауда-саттықтағы айналым 5 жыл ішінде 5 есе өскен. Былтыр отандық маркетплейстерден 150 млрд теңгеге тең салық төлемі түскен. Интернет-дүкендердің артықшылығы – барлық транзакция ашық түрде жарияланады. «Ал бөлшек саудада өкінішке қарай алыс-берістің біраз бөлігі көлеңкеде қалып жатыр», - дейді мамандар.