Қазақстан мен АҚШ жасыл энергетика саласындағы әріптестікті нығайтады
Сан-Францискода Қазақстан мен АҚШ жасыл энергетика саласындағы әріптестікті нығайтуға уағдаласты.
Өзекті мәселелер АҚШ пен Каспий маңы елдері арасындағы «АҚШ–Еуразия энергетика және экология форумында» талқыланды. Шара Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның Бас консулдықтарының бастамасымен, АҚШ Сауда министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Жиынға аталған елдердің үкімет өкілдері, Калифорния штаты әкімшілігі және энергетика саласындағы америкалық мамандар қатысып, стратегиялық бағыттарды айқындады. Форумның негізгі назары еліміздегі энергетикалық инфрақұрылымға инвестиция тарту мен таза технологиялар саласындағы инновациялық жобаларды дамытуға аударылды. Отандық делегацияны бастап барған энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Қазақстанның жасыл энергетика саласындағы стратегиялық басымдықтары туралы баяндап, америкалық инвесторларды еліміздің жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобаларына қаржы құюға шақырды.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
«Қазіргі кезде үш ел – Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан өте маңызды әрі болашағы зор бірлескен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жасыл энергияны Каспий теңізінің түбімен өтетін кабель арқылы Еуропаға тасымалдау жобасы. Осыған байланысты үш ел Бакуде тиісті келісімге қол қойды. Қазіргі дейін жобаның негізгі көрсеткіштері айқындалды, сондай-ақ бұл жұмысты жүзеге асыратын жүйелік операторлар белгіленді. Менің ойымша, бұл аймақтық деңгейдегі өте ауқымды жоба, әрі ол қазірдің өзінде әлемдік ұйымдардың қызығушылығын тудырып отыр. Сондықтан бұл жобаның болашағы зор деп есептеймін және біз оны міндетті түрде жүзеге асырамыз».