Ауыл аманаты: БҚО-да 5,5 млрд теңге жеңілдетілген несие беру жоспарланды

Батыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 816 тұрғынға 5 миллиард 500 миллион теңге жеңілдетілген несие беру жоспарланған.

Нәтижесінде 870 жұмыс орны ашылады. Бөлінетін қаржының 30% мал шаруашылығы саласына бағытталса, 20% лизингке құрал-жабдық алуға бөлінеді. Ауылшаруашылық кооперативтеріне қажетті техника да алынады. Қалған қаржы кәсіпкерліктің өзге салаларын дамытуға жұмсалады.

Жақсыбай ауылының тұрғыны Нұркен Закарин құс өсіруге бала кезден қызыққанын айтады. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 4 жарым млн теңге несие алып, 400-дей тауық, қажетті инкубаторлық құрал-жабдық сатып алған. Енді тек жұмыртқа емес, балапан сатып, ауылдастарын арзан өніммен қамтып отыр.

Нұркен Закарин, ауыл тұрғыны:

- Қазір енді тұқымдары «Адлер», «Кучинский», «Доминант», «Леггорн далматинец» ол тұқым бағытындағы тауық, сонымен қатар қара «Австралоб» сол бағытта инкубациялық тұқым сатам. Балапан сатам, жақын жердегі елді мекендерге жұмыртқа сатам. Өнімге сұраныс болады ғой, ауыл тұрғындары келіп, алып кетіп жатады.

Жақсыбай ауылында былтыр 7 тұрғын несие алған. Соның бірі Алмабек Зубаиров. Ауыл мектебіндегі математика пәнінің мұғалімі 5 миллион теңгеге ауласына шағын жылыжайлар орнатыпты. Айдың ортасына қарай алғашқы өнім алмақшы.

Алмабек Зубаиров, ауыл тұрғыны:

- Күзде құрып қойдым. Салқындап кеткесін топырағын салып қойдым. Осы көктемнен бастап жатырмын. Бастап салып қойдым 15 күн болды. Осы қияр салып қойдым. Сосын помидор бар кейін салам. Редиска бірінші салғаным пісуі жақын. Жоспар әрі қарай жақсы өнім беріп жатса, кеңейтуге, қысқыға айналдыру. 

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бастау алған екі жылда Орал өңірінде 1312 тұрғын жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, 1535 жұмыс орны ашылыпты. Ал биыл өңірге 5 миллиард 500 миллион теңге қаралған.

Рүстем Зұлқашев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ол қаржы мамыр айында түседі деп есептеп отырмыз. Мал шаруашылығы сүтті бағыты және  ұсақ мал бордақылау бағытына 30% жібереміз. Лизингке беруге өзгерістер енді. 20% лизингке құрал-жабдықтар алуға белгілеп отырмыз. 20%  қазір жұмыс жасап тұрған кооперативтерге құрал жабдықтар мен техникамен қамтамасыз жасауға бөліп отырмыз. Және 30% басқа да кәсіпкерлік бағытына жұмсаймыз. 

Өз кәсібін ашқысы келетін, алайда қаржы таппай жүрген ауылдағы ағайынға «Ауыл аманаты» бағдарламасының берері мол. Биыл бағдарлама бойынша өңірде 900-дей жұмыс орнын ашу көзделген.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов