Астанада Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің отырысы өтті
Бүгін елордада Қазақстан-Герман іскерлік кеңесінің 16-шы отырысы өтті, деп хабарлайды 24KZ. Шарада екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі мен болашағы баяндалды. Жиынға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің» басшылығы және іскер топ өкілдері қатысты.
Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық байланыс Орталық Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық және саяси ықпалдастықты кеңейтуде ерекше рөл атқарып отыр. Германиялық инвестициялардың 90%-тен астамы Қазақстандағы өңдеуші өнеркәсіп, химия, құрылыс материалдары өндірісі, көлік және агроөнеркәсіптік кешен сынды шикізаттық емес салаларға бағытталған. Осы уақытқа дейін екі ел арасында 1 миллиард доллардан астам көлемде 32 жоба жүзеге асқан. Алдағы уақытта тағы 10-нан астамы іске қосылмақ.
Михаэль Хармс, Германия экономикасы Шығыс комитетінің бас директоры:
- Біз экономикалық жағынан бір-бірімізді жақсы толықтырамыз. Қазақстандық ресурстарды неміс технологияларының көмегімен өндіріп, өңдеу бұл өте тиімді шешім деп ойлаймын. Енді осыны нақты жобаларға айналдыру керек.
Екіжақты іскерлік қарым-қатынасты дамытуда «Бәйтерек» холдингінің атқарар үлесі зор. Холдинг өткен жылы Германияның CLAAS және Horsch компанияларымен құны 3 миллиард АҚШ долларын құрайтын келісімге қол жеткізген. Сондай-ақ тұрақты даму саласындағы бірлескен жобаларды қаржыландыру бағдарламалары аясында германиялық даму банкімен 500 миллион долларлық келісімшартқа отырған.
Ерсайын Хамитов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Қазақстан – Германия үшін Орталық Азиядағы тауар айналымының 80% астам бөлігін құрайтын сенімді серіктес. Жиын барысында машина жасау, энергетика және баламалы энергия көздерін жетілдіру мақсатында инвестициялық жобаларды тарту үшін несиелік ұсыныстарға жол аштық.
Кеңес аясында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, технологиялық әріптестік пен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған бірқатар меморандумға қол қойылды.
Авторлары: Назым Қайрат, Ербол Дайыров