Қазақстан мен Малайзия құны $200 млн болатын жобаларды қолға алды
Халал өнімдер шығаратан малайзиялық компания Қазақстанда жеміс-жидек ұнтағын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды 24KZ. Кәсіпорын жылына 300 тонна өнім өндіреді. Шетелдік инвестор жобаны жыл сайын қаржыландыруды көздеп отыр.
Екі елдің бірлескен бастамалары мұнымен шектелмейді. Былтыр қос мемлекет құны 200 миллион доллар болатын бірлескен жобаларды қолға алған болатын.
Қазақстан мен Малайзияның іскерлік байланысы қанатын кеңге жайып келеді. Ауқымды нарықты игеріп отырған Оңтүсіктік-шығыс Азияның қалталылары қазақ жеріне қазығын қағуды жоспарлап отыр. Мұнда әлеуетті инвесторлар көп. Соның бірі – Quality Food Industry компаниясы.
Табиғи өнімдерге маманданған халал индустриясының көшбасшысы елімізде зауыт салады. Сөйтіп, наубайхана және сусын өндірісінде қолданылатын жеміс пен көкөніс ұнтақтарын шығармақ.
Ричер Чан, Quality Food Industries компаниясының басшысы:
- Бұл екі тарапқа да тиімді жоба. Қазақстанда жаңа жұмыс орындары ашылады. Біздің өндіріс арқылы жергілікті фермерлер жеміс-жидек саудасын ұлғайтып, табысын арттыра алады. Қазіргі таңда шаруалардың көбі өнімін тек жеміс пастасы ретінде өңдейтін зауыттарға тапсырып отыр. Біз өз жобамызды болашақта да кеңейте береміз. Жыл сайын 100 миллион доллардан астам инвестиция құюды жоспарлап отырмыз.
Былтырғы келіссөзде 7 саланы қамтитын келісімдерге қол қойылды. Ілкімді істің ізашары ретінде SMITA қауымдастығын атауға болады.
Ол Малайзиядағы шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін ірі құрылым. Қауымдастық Қазақстан нарығын 2019 жылдан бері зерттеп келеді. Елімізде өз өкілдігін ашып, ірі жобаларды қолға алды.
Меган Су, Smita Global президенті:
- Қазақстан – Орталық Азияда орналасқан стратегиялық серіктес. Біз аймақтағы сауда, туризм, исламдық қаржы және цифрлық технологиялар бағытында ұзақмерзімді бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кірістік. Барлық жобаның әлеуеті зор, пайдасы көп боларына сенімдіміз.
Бүгінде елімізде малайзиялық капиталмен жұмыс істейтін 45-тен астам компания бар. Олардың басым бөлігі логистика, агроөнеркәсіп, фармацевтика және туризм салаларында белсенді. Соңғы жылдары мемлекетаралық серіктестікте серпіліс бар. Тараптар арасындағы алыс-беріс көлемі 30% асты. Келешекте бұл көрсеткіш әрі қарай ұлғая береді.
Авторлары: Әнел Еділқызы, Иманәлі Әнуар