Сенатор: Көмірді жаға бермей, қайта өңдеу керек

Көмірді жаға бермей, қайта өңдеу керек. Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы өзінің депутаттық сауалында осылай деді. Әрі көмір химиясы саласында жүйелі тәсілдің жоқтығына алаңдайтынын жеткізді. Сенатор аталған секторды дамытып, инвестициялар тарту үшін ғылыми зерттеулерді жандандыру қажеттігін айтты. Ол үшін шетелдік озық технологияларды енгізу маңызды.

Бірқатар дамыған ел көмірден және көмір қалдықтарын қайта өңдеу арқылы 80-нен астам бағалы зат пен өнім алып отыр. Мәселен, Қытайда көмірді сұйылту мен газдандыру технологиясы сәтті енгізілген. Көршілес елде жылына 2,7 млрд тонна көмір өндіріледі. Оның 200 млн тоннасынан табиғи газдан бастап органикалық тыңайтқыш, еріткіш сынды пайдалы зат алады. Ал біздің ел  энергетикалық ресурстарға бай. Мұнайдан бөлек, көмір қоры бойынша әлемде 9-шы орында. Ғылыми болжам бойынша 3 ғасырға жететін 260 млрд тонна көмірдің қоры бар. Соның ішінде зерттелгені 32 млрд тонна. Бұл қордың басым бөлігі Павлодар мен Қарағанды аймағында орналасқан. Елімізде былтыр 108 млн тоннадан астам көмір өндірілді.

Алтынбек Нухұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Көмірден өндірілетін ішкі өнім Қазақстан экономикасына қосымша $25-30 млрд өнім әкеледі деген ғалымдардың болжамы бар. Көмір химиясының болашағы Қазақстан үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2023 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында металдарды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы сияқты бағыттарға басар назар аудару қажет деген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстарды тиімді жүргізу үшін шетелдік озық тәжірибелер мен технологияларды тарту, ғылыми зерттеулерді күшейту, жалпы саланы қарқынды дамыту елімізге млрд-тап инвестиция әкелуі де әбден мүмкін.