Төрт айда агроөнеркәсіп кешеніне ₸213 млрд инвестиция тартылды
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласына трансұлттық компаниялардан инвестиция тарту ісі жалғасып жатыр.
Биыл екі ірі келісім-шартқа қол қойылды. Біріншісі Алматы облысында қант зауытын салу жобасы. Инвестор Араб компаниясы 580 млн доллар қаржы құяды. Зауыт жылына 500 мың тонна ақ қант өндіреді. Тағы бір жоба түріктің «Alsera» компаниясымен бірлесе іске асады. Бұл келісім-шарт аясында Шымкентте құны 650 млн АҚШ доллары болатын жылыжай салу көзделген. Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл тағы 8 жобаға инвестиция тарту үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл жайында вице-министр Ермек Кенжеханұлы брифингте баяндады. Жалпы биылғы 4 айда агроөнеркәсіп кешеніне 213 млрд теңге инвестиция салынды. Былтырға қарағанда өсім бар.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 118%-ға артық (180,6 млрд теңге). Оның ішінде ауыл және балық шаруашылығына – 164,2 млрд теңге немесе 115% өсім (143 млрд теңге); тамақ өнімдері өндірісіне – 48,7 млрд теңге немесе 129% өсім (37,7 млрд теңге). Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2025–2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен инвестициялық жобаларын жүзеге асыру жөніндегі жол картасын әзірледі.