Италия мен Қазақстан арасындағы екі жақты сауда көлемі $20 млрд-қа жетті
Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық нығая түспек.
Тараптар бүгін құны 8 млрд АҚШ долларына тең 10-нан астам келісім-шарт жасасты. Маңызды бастамалар елордада өткен іскерлік форумда жария етілді. Жиында екі ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келісті дамыту мәселелері талқыланды. Сауда, инвестиция және экономикалық ықпалдастық салаларындағы ортақ басым бағыттар айқындалды.
Италия - Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігінде. Екі ел арасындағы ынтымақтастық энергетика, машина жасау, химия, фармацевтика, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешенін қамтиды. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 20 млрд долларға жуықтапты. Мұның ішінде тікелей біздің елден жөнелтінген тауар көлемі 18 миллиардтан асқан. Биылғы бірінші тоқсандағы көрсеткіш те жаман емес. Өзара сауда көлемі 4,4 миллиард долларға жетіп, экономикалық байланысты бекіте түскен. Алда атқарылар ауқымды жоба-жоспар аз емес. Маңыздыларын жиынға арнайы келген үкімет басшысы тізіп шықты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстан Үкіметі еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біздің заңнамада инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктерді, заттай гранттар мен инфрақұрылымды дамытуды қолдауды қоса алғанда, ынталандырулар қарастырылған. Сонымен қатар біз ұзақ мерзімді серіктестікті қамтамасыз ету үшін инвесторлардың пікірлері негізінде қолдау шараларын үнемі жетілдіруге тырысамыз. Италиялық бизнестің Қазақстандағы қатысуын кеңейтуге және экономиканың басым секторларындағы бірлескен жобаларға белсенді қатысуға шақырамыз.
Қазақстан мен Италия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына отыз жылдан асты. Осы аралықта қос тарап нәтижелі талай істің басын қайырды. Бір ғана мысал, өткен жылы "Астана-Милан" бағытының іске қосылуы. Жаңа рейстің ашылуы туризмді түлетіп қана қоймай, екі елдің мәдени және іскерлік байланыстарының нығаюына ықпал етті. Сауда саласы да өзгеше қарқын алып келеді. Бүгінде ел аумағында 300-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр.
Марко Оснато, Италия депутаттар палатасының мүшесі:
- Бүгінгі кездесу екі жақ үшін өте маңызды. Біз өзіміздің қаншама әріптестерімізді көрдік, идеяларын тыңдап, пікір алмастық. Бизнесті әрі серіктестікті дамыту үшін мұндай жиындар керек. Италия тарапы үшін Қазақстан экономикасы анағұрлым тартымды және перспективті салалары көп.
Нұрлыбек Сапабеков, ҚР СИМ Экспортты ілгерілету департамент басшысының орынбасары:
- Бұл форум жалпы министрлік пен Қазақстан-Италия қауымдастығының бірлесе отырып атқарылған жұмыстар. 10-ға жуық меморандумға қол қойылды. Бұл бағыт негізінде шикі мұнай, логистика саласын одан кейін металлургия саласын цифрлауға бағытталып отыр.
Іскерлік форумы Қазақстан мен Италия компаниялары арасындағы жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайтын негізгі алаңға айналды. Тараптар сауда мен логистика саласындағы әріптестік әлеуетін арттыруды сөз етті. Мұның ішінде барлық жеткізу тізбегі бойынша ортақ түйткілдерді талқылады. Жиын соңында құны 8 млрд АҚШ долларына тең келісім-шарт жасалды.
Кәмшат Мұхамеджан, Мадияр Қындыбаев