Депутаттар: Өңірлерге бөлінген қаржы тиімсіз игеріліп жатыр
Өңірлерге бөлінген қаржы тиімсіз игеріліп жатыр. Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар осылай деп бюджет мәселесін талқыға салды. Саладағы проблеманың алдын алу үшін Үкімет қандай шара қолданады?
Альмира Оразбай, тілші:
- Үкімет сағатында қаржы мәселесі қаралды. Әсіресе, бюджетаралық қатынастар жүйесіне жаңа тәсілдер енгізу тетігі талқыланды. Бұл жолы аймақтардың өз әлеуеті мен экономикалық дербестігін іске асыру үшін жағдай жасау бағытына ден қойылды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-ұлттық экономика министрі:
- Жалпы бүгінгі таңда 20 өңірдің 17-сі субвенциялық болып табылады. Орталыққа тәуелділік 49% деңгейінде сақталып отыр. Қалған үш аймақ – Алматы және Астана қалалары, Атырау облысы донор болып табылады. Бірақ бұл шартты көрсеткіш екенін мойындау керек. Орталықтан қосымша трансферттерді донор аймақтар да алып отыр. Мегаполис қалаларда, облыстарда ірі жобалардың көпшілігі орталықтан жүзеге асырылады. Бұл – метрополитен құрылысы, Астана қаласының жаңа көлік жүйесі – LRT, «Жайлы мектептер», көліктік және өзге де инфрақұрылымды дамыту жобалары.
Отырыста Нұртай Сабильянов саладағы кемшілікті атады. Ол қаржылық бұзушылықтардың 2 есе артқанын айтып, бюджеттің игерілуін сынға алды. Дәлірек айтсақ, өңірлерді дамытуға арналған, әсіресе, инфрақұрылымға бөлінген ақшаның қазіргі есебі дұрыс емес, деді.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қаражат жіберіледі. Бірақ инфрақұрылым салынбайды. Қаражат игеріледі. Ал орталықта оны 100% орындалды деп көрсетіледі. Міне, осыған байланысты сізге сұрағым – жалпы мына трансферттерді орындау үшін орталық және жергілікті органдар арасында жауапкершілікті ажырату үшін қандай шаралар қарастырылады? Жауапкершілікті нығайту керек ол үшін.
Дегенмен, Серік Жұманғарин, түрлі деңгейдегі басшылардың жауапкершілігі жуырда қабылданған Бюджет кодексінде көрсетілгенін айтты. Келер жылы тұрақты кірістің 30%-тен астамы жергілікті бюджетке жиналады. Ал олардың қаржылық дербестігін күшейту мақсатында шағын және орта бизнес пен жеке табыс салықтары жергілікті бюджет кірісіне беріледі.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-ұлттық экономика министрі:
- 41-бап бар осы жаңа кодексте. Ол толығымен жауапкершілікке арналған. Республикалық деңгейде қандай жауапкершілік, облыс әкімдерінің қандай жауапкершілігі, бюджеттік басшыларға қандай жауапкершілік бар орындамағаны үшін. Қаражат бар, бірақ қорытындысы жоқ деген. Ол деген қаржыландыруға байланысты. Өзіңіз білесіз ғой, қаржы толығымен берілмейді. Қазір жаңа жоба болса, Бюджет кодексінде жазылып тұр – бірден 30% беріледі.
Қаржы мәселесі – ел экономикасының мәнді бөлігі. Оның тиімді жұмсалуы зор маңызға ие. Сондықтан бүгінгі талқылаған бюджетаралық қатыстар жүйесіне жаңа тәсілдерді қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде енгізу қажет. Депутаттардың да айтпағы осы.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Облыстар арасындағы базалық қызметтермен қамтамасыз ету деңгейіндегі алшақтық өте жоғары. Бір жерде дәрігер жетіспейді, бір жерде мектеп жетіспейді, бір жерде таза сумен тұрақты қамтамасыз ету жетіспейді. Шығыстарға объективті түрде талдау жасалмаса, онда біз жыл сайын қаражатты инерция бойынша бөлу қаупін тудырамыз. Сондықтан жаңа әдістемеде міндетті түрде талдау блогы бекітілуге тиіс. Онда ағымдағы бағдарламалардың нәтижелеріне шолу кіргізу керек. Қайталама және тиімсіз шығыстардың бар болуын көрсету керек. Бюджеттік комиссия ұсыныстарын қосу керек.
Үкімет айтылған ұсыныстарды ескере отырып, «Жалпы сипаттағы трансферттерді жоспарлаудың» жаңа тәсілдері мен «Республикалық бюджет туралы» заңды әзірлеуі қажет. Ол күзде депутаттардың қарауына берілуге тиіс.
Авторы: Альмира Оразбай