Тау-кен саласында бес ірі инвестициялық жоба жүзеге асады

Алтын, күміс, көмір және сирек металдардың 50 кен орнына электрондық аукцион өтуі мүмкін. Бұл қазір пысықталып жатыр. Бүгін Астанада XV халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтті.

Жиында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан аталған жоспарды іске асыру арқылы әлеуетті нысандарды игеру мүмкіндігі артатынын айтты. Сондай-ақ Қазақстан «өндіру – өңдеу – қалдықтар» тәсілінен біртіндеп кетіп, айналмалы экономикаға көшуді көздеп отыр. Мысалы, қазір 55 млрд тоннадан аса техногендік минералдық түзілім шоғырланған. Енді соны өндірістік айналымға тартуға дайындық жүріп жатыр. Яғни минералдық-шикізат базасын кеңейтумен қатар жер қойнауын пайдалану моделі қайта қаралады. Осы бағытта мол тәжірибесі бар Швеция биыл күзде тау-кен саласы бойынша екі жақты комиссия құруды жоспарлаған. 

Камилла Мелландер, Швеция Сыртқы істер министрлігінің сауда мәселесі жөніндегі бас директоры:

- Біз кен өндіруші 21 компанияны таныстыра келдік. Жалпы жаһандық нарықта шахта мен жерасты кен игерудегі 60% үлес шведтік компаниялардың еншісінде. Демек біз өндіру және барлау бойынша серіктестік орнатуды көздейміз. Оның үстіне Қазақстаннан сирек металдарды сатып алсақ дейміз. Әрине, бізде де бар. Бірақ сіздегідей аса көлемді емес.

Тау-кен металлургия кешені елдің экономикалық өсіміне, жұмыс орындарын ашуға, өңірлерді дамытып, инвестиция тартуға тікелей әсер етеді. Былтыр саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 8% жетіп, өндірілген тауар көлемі 14 трлн 300 млн теңгеден асты. Жуырда 3 трлн 500 млн теңгенің 5 ірі инвестициялық жобасы іске асырылады. Бұл 8 мың жұмыс орны. Жалпы конгреске әлемнің 20 елінен 1300 делегат қатысып жатыр. Солардың қатарында Финляндиямен геологиялық ақпарат бойынша жоба жасақталған. Яғни кен орындарының картографиясы жасалады.

Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы:

- Олардың көмегі көбінесе методология жағынан болады. Сосын геологиялық ақпараттарымызды цифрландыру мақсатымызға олар технология жағынан көмектесе алады. Финляндияның геологиялық қызметінің тек қана бізде емес, Африкада да, Азияда да үлкен көп жобалары бар. Сосын олар Американың геологиялық қызметімен бірге көп жұмыс істейді. Себебі ол ғылыми жағынан, геология жағынан өте дамып кеткен ел.