Асылтұқымды аналық мал сатып алуға несие беріледі
Елде ет бағытындағы асылтұқымды мал шаруашылығын түлетемін дегендерге жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі, деп хабарлайды 24KZ. Демек фермерлерге өнімділікті арттырып, асылтұқымды аналық мал сатып алу мүмкін болады.
Ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарына айналым қаражатын толықтыру үшін де қарыз беру көзделеді. Басты талап: ірі қара малдың кемінде 70%-ін отандық ет комбинаттарына өткізу қажет. Сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындардың терең өңдеу желісінің болуы міндеттеледі. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен саланы дамытуға арналған кеңес өтті. Онда келесі жылы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы тарапынан еліміздің солтүстік-батыс және орталық аймақтарын аусылдан таза аймақ ретінде мойындау үшін аудит өткізілетіні айтылды. Бұл ретте өңірлік әкімдіктер ветеринариялық нысандардың материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарт деңгейіне жеткізуге міндетті.