Биыл отандық автоөндірушілер рекорд орнатуы мүмкін
Мамандар 149 мың отандық көлікті нарыққа шығармақ ниетте.
Яғни, былтырғыдан 5% жоғары.
Бұл аздай, елде жаңа автозауыттар бой көтеріп жатыр. Қазір машина жасау саласында 4 мыңға тарта кәсіпорын бар.
Көлік өндірісі еліміздің экономикалық драйверіне айналып келеді. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында салаға 55 млрд теңге инвестиция салынды. Өткен жылы 280 млрд теңгеден асқан. Мамандар көрсеткіштің жыл сайын еселене береріне сенімді. Себебі 2024-2028 жылдарға арналған машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары аясында ірі жобаларға қолдау бар. Бюджеттен 1,4 трлн теңге бөлінеді. Жеке қаржыландыру көздерінен 1,3 трлн теңге қарастырылып отыр.
Былтыр елімізде 134 мың көлік өндірілді. Мамандар биыл көрсеткішті 149 мыңға жеткізбек. Бұған жаңа өндіріс орындарының да ықпалы тиеді. Мәселен Алматыда жылына 120 мың көлік шығаратын мультибрендтік зауыт іске қосылады. Инвестиция құны – 202 млрд теңге. Қостанай облысында да қуатты өндіріс іске қосылады. Қазір елімізде 4 мыңнан аса ірілі-ұсақты көлік құрастыру кәсіпорны бар. Оның 60-тан астамы ірілер санатында. Мамандар отандық автоөндірісінің келешегіне сенеді. Тіпті жаңа нарықтарға шығу жоспары бар.
Ал көлік импорты жылдың алғашқы тоқсанында 16%-ке артқан. 509 млн долларға 37 мыңға жуық темір тұлпарды сатып алдық. Әсіресе, Ресейден келетін жеңіл көліктердің үлесі 28 есе артқан. Сөйтіп, 3 мыңға жуығын тасымалдадық. Негізі шетелдік көліктердің басым бөлігі Жапония, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Германиядан келді. Алғашқы тоқсанда елімізде 30 мыңнан аса көлік өндірілді.
Ал әлем халқы біртіндеп электромобильдерге көшіп келеді. Биыл жаһандық нарықта 20 млн-нан аса электр көлік сатылуы мүмкін. Былтыр 17 млн-нан астамы иесін тапты. Яғни сатылған көліктердің 20%-ін қамтыды. Халықаралық энергетикалық агенттік 2030 жылға қарай, көрсеткіш 40%-тен асады деп болжайды. Әлбетте көлік құны әртүрлі, десе де бензинмен жүретіндерден анағұрлым арзан. Әсіресе Қытайдағы баға төмендеп жатыр. Қазір бұл ел нарықтағы көшбасшы. Өткен жылы мұнда 11 млн-нан астам электромобиль сатылды. Яғни, әлемдегі барлық сатылымның жартысына жуығы. Қытай 1,25 млн электромобильді экспорттаған. Импорттаушы елдер қатарында біз де бармыз. Қазақстанда екі жылда электромобиль сатылымы 20 есе өскен.
Экономикалық зерттеулер институтының мамандары: «Электромобильдердің жылдам өсімі жаңа сын-қатерлерге әкеледі», - дейді. Ең алдымен аккумуляторларда қолданылатын литий, кобальт және никель сияқты маңызды минералдарға тәуелділік артады. Қытайда мұндай мәселе жоқ, алайда АҚШ пен Еуроодақта өндіріс қиындауы мүмкін.
«Ал Қазақстан үшін ұзақмерзімді перспективада электромобильдердің өсуіне байланысты мұнайға жаһандық сұраныстың төмендеуі елдің табысына әсер етуі мүмкін», - дейді сарапшылар. Демек, шикізаттық емес экспорттың үлесін ұлғайту маңызды. Сондай-ақ өзге де минералдарды өңдеу, аккумуляторлық компоненттерді өндіру және жасыл технологияларды дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру маңызды.
Авторы: Мерей Мұратханқызы