Қазақстанда бидайды терең өңдейтін зауыт салынады

Ақмола облысында бидайды терең өңдейтін зауыт салынады, деп хабарлайды 24KZ. Оның құрылысын Қытай компаниясы жүргізеді. Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында аймақ әкімдігі мен қытайлық мекеме арасында осындай келісімге қол қойылды. Жаһан жұрты көз тіккен ауқымды форумда тағы қандай келісімшарттар жасалды?

Ақмола облысында былтыр алқаптан 6,5 миллион тонна астық жиналды. Осылайша аймақта рекордтық көрсеткіш орнады. Егінге келгенде өңірдің әлеуеті зор. Қытайлық компания осыны ескерсе керек, бүгінгі форумда зауыт салу туралы жергілікті әкімдік пен қытайлық инвесторлар арасында келісім жасалды. Жалпы құны 1,8 миллиард доллар болатын зауыт Аршалы ауданындағы индустриялық аймақта бой көтереді. Жоба аясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Ол жоба 3 жылға арналған. Биыл басталады. Бұл енді 1 млн тоннадан астам бидайды терең өңдеп, 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын қамтитын жоба. Бұл жерде аминоқышқылдар, натрий глюконаты, сосын тағы да тамақ қосқыштарын жасайды. Мұның енді өз құны қазіргі біздің шикізаттан 10-15 есе құны жоғары. Сондықтан бізге осы жоба өте тиімді.

Ал Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында агроөнеркәсіптік парк ашылады. Өңір әкімдігі отандық және қытайлық компаниялар арасында осындай мәміле жасалды. Бұл жоба ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде жүгеріні терең өңдеуге бағытталған. Оның жалпы құны 290 миллион доллар.

Малика Сағынтаева, «Human Capital» компаниясының бас директоры:

- Форум аясында үшжақты меморандумға қол қойдық. Біз Мемлекет басшысының «агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» тапсырмасына сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Жүгеріні терең өңдеуге бағытталған жобамыз жергілікті өңдеу өнеркәсібін дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтуға және Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізеді.

Дай Цзюнь, «FAMSUN», «AgriFam» команиялары директорлар кеңесінің төрағасы:

- Агроөнеркәсіптік парк жобасы – озық технологиялар мен экологиялық шешімдерді ұштастыратын оң бастама. Бұл екі елге де тиімді деп айта аламыз. Ол Қытай мен Қазақстанның экспорт әрі импорт әлеуетін арттыруға және арадағы экономикалық әріптестікті дамытуға сеп болмақ.

Астанада өткен индустриялық-инвестициялық форумы тек агрокешенде емес, білім, ғылым, технология, жасанды интеллект және медицина сынды бірқатар саланы қамтыды. Ауқымды жиынға Орталық Азия елдерінің делегаттары келді. Ал форум соңында қытайлық компаниялар еліміздегі түрлі сектор өкілдерімен өзара уағдаласты.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Орталық Азия – әлемдік нарықтарға шығатын маңызды өңір. Біздің логистика мен өңіраралық транзит әлеуеті бағытында артықшылығымыз бар. Дегенмен оны дамытып отыру қажет. Сондықтан жаңа теміржол және логистика салаларын қытайлық әріптестерімізбен бірлесіп дамытуға мүдделіміз.

Бүгінгі форум нәтижесінде екіжақ компаниялары арасында құны 25 миллиард доллар болатын 60-қа жуық келісімге қол қойылды. Осы арқылы екі елдің сенімге негізделген серіктестігі нығайғанын көруге болады.

Авторлары: Альмира Оразбай, Абдулхамит Бөлекбаев