Биылдан бастап міндетті түрде таңбалануға тиіс тауарлар түрі тағы көбеймек
Елде кейінгі үш жылда жалпы құны 24 млрд теңге болатын заңсыз темекі өнімдері анықталды, деп хабарлайды 24kz.
Көлеңкелі нарықпен күресте міндетті таңбалау іс-шарасының көмегі көп болып тұр.
Темекіні таңбалау 2020 жылдың қазанында енгізілді. Ал биылдан бастап міндетті түрде таңбалануға тиіс тауарлар түрі тағы көбеймек.
Бұлардың қатарына мотор майлары, сыра сусындары сияқты өнімдер еніп отыр. Сонымен қатар бірнеше өнім сынақ режимінде таңбаланбақ. Таңбалау несімен тиімді?
Киік мүйізінен жасалатын өнімдер таңбаланады
Киік мүйізінен жасалатын өнімдер таңбаланады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Яғни, бөкен мүйізінен жасалған өніммен бірге биологиялық белсенді қоспалар мен тұрмыстық химия пилоттық режимде таңбаланады.
Ал тағы бірнеше тауар түріне қатысты міндетті таңбалау енгізілмек. Бұл тізімде жеңіл өнеркәсіп өнімдері, зергерлік бұйымдар, сыра мен мотор майлары бар. Қазір елде темекі өнімдері, аяқ киім және дәрілік бұйымдар міндетті түрде таңбаланады. Министрлік өкілінің сөзіне сүйенсек, ережені енгізерде бизнес пікірі де ескеріледі.
Әсет Өтеғалиев, ҚР СИМ Цифрлық трансформация және тауарларды таңбалау департаменті директорының орынбасары:
- Бизнес алдын ала дайындалуы керек. Біріншіден, ол жерде пилоттық өткіземіз. Пилоттың ішінде бизнестер барлығы қарайды, қандай аппаратура сатып алуы керек, қандай, қалай оны жүргізуі керек екенін барлығын қарауы керек. Содан кейін біз АРВ деген жүргіземіз. Реттеуші әсерді талдау деп аталады. Соны жүргізгеннен кейін барып бизнес толық дайын болғаннан кейін жаңа тауарларға енгіземіз.
Айналымдағы дәрі-дәрмектің 60% таңбаланды
Елде дәрілік заттарды таңбалау былтыр шілдеден бастап енгізілді. Осы уақытқа дейін 360 миллион дәрі-дәрмек қаптамасы таңбаланды. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша қазір айналымдағы дәрілердің шамамен 60%-і таңбаланған. Қалған 40%-і былтырғы 1 шілдеге дейін өндірілген дәрілер. Олар кезең-кезеңімен айналымнан алынады. Жалпы таңбалау жалған дәрілер мен заңсыз сауданың алдын алып отыр. Сондай-ақ құрамында есірткі заттары бар препараттармен күресте тиімді құралға айналды. Дәрі-дәрмектердің қозғалысы арнайы аналитикалық платформада бақыланады.
Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:
- Платформада дәрі-дәрмектің қашан, қайда өндірілгенін және қайда жөнелтілгенін көре аламыз. Біз жүйені жақсарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектерге жағымсыз реакциялар туралы ақпарат алуға болатын мәліметтер базасын әзірлейді. Фармакологиялық қадағалау жүйесін медициналық ақпараттық жүйелермен және eDensaulyq жүйесімен біріктіру көзделген. Бұл фармацевтика нарығының ашықтығын арттырып, пациенттердің қауіпсіздігін күшейтеді.
Дәрі-дәрмекті тіркеу мерзімі қысқарады
Елде дәрілік заттарды тіркеу талабы жеңілдемек. Тіркеу шаралары бір терезе қағидаты бойынша жүзеге асады. Қазір тіркеу мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін созылады. Денсаулық сақтау министрлігі пилоттық режимде тіркеу қызметін оңтайландыруды қолға алды. Яғни, жаңа норма бойынша дәрілік заттар 100 күн ішінде тіркеледі. Сондай-ақ Еуропалық одақ, Жапония, АҚШ сияқты елдерден келген дәрілерді жедел тіркеу жоспары бар. Яғни, 15 жұмыс күні ішінде айналымға енгізу көзделген. Бұл дәрі тапшылығын жойып, баға қалыптастыруға оң әсер етуге тиіс.
Ержан Нұрлыбаев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Министрлік тарапынан баға белгілеудің ашық моделі қалыптастырылды. Дәрілік заттардың шекті бағасына негізсіз қосылған үстеме бағалар алынып тасталды. 1 шілдеге дейін ел аумағында тіркелген барлық дәрілік препарат қайта есептеледі. Қазір фармацевтикалық қоғамдастық аталған модельді сынақтан өткізіп жатыр. Дәрілік препараттардың құны 30%-ке дейін төмендеуге тиіс.
Аяқ киімді таңбалауда жеңілдік бар
Ал аяқ киімді таңбалау 2021 жылдың қарашасында енгізілді. Сол уақыттан бері 140 млн жұп аяқ киім таңбаланды. Tañba ақпараттық жүйесінде 4600-ден астам өндіруші мен импорттаушы тіркелген. Импорттық өнім кедендік рәсімдерге дейін таңбалануға міндетті. Дегенмен кедендік рәсімдерден кейін де таңбалауға рұқсат берілді. Тек таңбалау шаралары мемлекеттік тізімде көрсетілген қоймаларда жүргізілуі керек. Қазір мұндай 20 қойма бар. Бұл логистика мәселесін оң шешуге жағдай жасап отыр.