Өзбекстанда қазақ инвесторларының саны артты
Өзбекстанда соңғы үш айда қазақ инвесторларының қатысуымен 54 кәсіпорын ашылды.
Осылайша көрші елде қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны 1136-ға жетті. Ұлттық статистика комитетінің дерегіне сәйкес, Өзбекстанда шетелдің 16 405 кәсіпорыны жұмыс істеп тұр. Бұл ретте қытайлықтардың үлесі басым. Үш айда олар 492 кәсіпкерлік субьектісін ашқан. Сөйтіп, жалпы сандары 4068-ге жетті. Одан кейін 3086 компаниямен Ресей тұр. Үштікті Түркия түйіндейді. Аталған елдің кәсіпкерлері Өзбекстанда 1997 кәсіпорын құрған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін. Сондай-ақ Ташкентте Қазақстанның, Астанада Өзбекстанның сауда орталығын салу көзделіп отыр.
Саидмұхтар Саидқасымов, Орталық Азия халықаралық институты басшысының кеңесшісі:
- Стратегиялық әріптестігіміздің жылдан жылға нығайып жатқанына куәміз. Барлық салада белсенділік бар. Жобалардың географиялық ауқымы кеңейуде. Егер осы бағытымыздан таймасақ, саяси, экономикалық һәм мәдени гуманитарлық саладағы жетістіктердің нәтижесін екі ел ғана емес, барша Орталық Азия елдері сезетін болады. Бұл аймақтың дамуына серпін береді.