Сарапшы: Ақтау портын кеңейту керек
Жыл басынан бері елдегі теміржол арқылы 150 млн тонна жүк тасымалданды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл былтырғы осы кезеңде атқарылған жұмыстан 4% артық. Әлбетте, экспорттық тасымалдың үлесі де артып жатыр.
Иә, кейінгі жылдары елімізде логистиканы дамытуға көңіл бөлініп келеді. Тіпті Еуразиядағы ең ірі транзиттік хабтардың біріне айналуға талпынамыз.
Былтыр Қазақстан арқылы 34 млн тоннадан аса жүк өтті. Оның 27,5 млн-ы теміржол арқылы. 7 млн тоннадайы автожолдар арқылы тасымалданған. «Енді алдағы 5 жылда көрсеткіштер 100 млн тоннадан асады», – дейді мамандар. Бұған Қытаймен контейнерлік блок пойыздарды арттыру бойынша келісім ықпал етуі тиіс.
Порттардың еліміз үшін маңызы қандай?
Жаһандық сауданың 80% теңіз арқылы жүзеге асады. Демек порт инфрақұрылымының сапасы жүк тасымалының жылдамдығы мен құнына тікелей әсер етеді. Таяуда АҚШ ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының сараптамасы жарық көрді. Онда порттарды дамытудың халықаралық сауда, экономика және логистикалық тұрақтылыққа әсері сөз болған. Авторлар көптеген елдің өз порттарын жаңғыртуға миллиардтаған доллар инвестиция салып, бәсекеге қабілеттілігін арттырып жатқанын айтады. Бұған қазақстандық сарапшылар да үн қосты. Қазір еліміз – Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік дәліздердің бірі. Яғни порт инфрақұрылымын дамыту бізге де стратегиялық тұрғыда маңызды.
Еліміз Еуразиядағы ірі транзиттық хабқа айналады
АҚШ зерттеушілері: «Порттарды жаңғырту арқылы халықаралық сауданы 1,3%, ал жалпы экономикалық өсімді 0,8% арттыруға болады», – дейді. Әлбетте бұл әсер елдің географиялық орналасуы мен инфрақұрылым сапасына қарай өзгереді. Мысалы, Қазақстан теңізге тікелей шыға алмайды. Economy.kz порталының сарапшысы Лина Егельқызы Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің қазір қос құрлықты байланыстырып тұрғанын атап өтті. Дегенмен Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілеті шектеулі, тасымалдау тарифтері жоғары, логистикалық орталықтар да жетіспейді. Бұл өз кезегінде контейнерлік тасымал тиімділігін төмендетеді. Әйтсе де еліміздің Еуразиядағы ең ірі транзиттік хабтардың біріне айналу мүмкіндігі зор.
Лина Егельқызы, сарапшы:
- Бұл үшін Ақтау портын кеңейту керек. Контейнерлік терминалдарды көбейту экспорттық әлеуетті арттырады. Ал Құрық портын дамыту арқылы Ақтауға жүктемені азайтып, тауарларды жылдам жөнелтуге мүмкіндік туады. Жалпы логистикалық процестерді цифрландыру қажет. Міндетті түрде шетелдік инвестиция тарту маңызды. Қытай, Түркия және Еуроодақ елдерінің серіктестігі арқылы жүк тасымалын арттыруға ден қою керек. Өйткені Қазақстан үшін порт инфрақұрылымын дамыту – жаңа сауда мүмкіндіктерін ашудың жолы.
Теміржол арқылы экспорттық тасымал артты
Жыл басынан бері еліміз Ақтау және Құрық порттары арқылы Иран бағытына тасымалды 12 есе, Ресейге 4,7 есе, Балтық елдеріне 13 есе арттырған. Ал теміржол арқылы экспорт көлемі 9% өсті. 150 млн тонна жүк сыртқы нарықтарға жөнелтілді. Оның ішінде астық тасымалының үлесі басым, 65% шамасында. Тізімді құрылыс жүктері, өсімдік майы, тыңайтқыштар, көмір, мұнай тасымалы жалғайды. Өткен айда ғана «Шұбаркөл Көмір» компаниясы 841 мың тонна қатты отынды экспортқа шығарды. Бұл орташа айлық межеден 26% көп, яғни рекордтық көрсеткіш.