Алматы облысында биыл 6,5 мың тонна балық еті өндіріледі

Былтыр Алматы облысында 5 мың тоннаға жуық балық еті өндірілсе, биыл 6,5 мың тоннаға жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды 24kz.

«Акваөсіру туралы» заң жобасының қабылдануы жасанды көлдерде балық өсіру көлемін арттыруға мүмкіндік берді. «Бұл елдегі балық шаруашылығын дамытуға оң әсер етті», - дейді мамандар.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес елімізде 2030 жылы балық етін өндіру көлемі 270 мың тоннаға жетуі тиіс. Жабық тоғандар мен жасанды көлдерді көбейтіп, балық шаруашылығын дамытуда Алматы облысының әлеуеті өте зор екенін айта кеткен жөн. Қазір өңірде 42 шаруа осы кәсіп түрімен айналысады. Олар өткен жылы 4,8 мың тонна балық етін өндірді. 

Мәрлен Тұрсынәлі, «Qazaq Balyq» ассоциациясының Алматы облысы бойынша төрағасы:

- Шаруашылықтарды жыл сайын өсіріп келе жатырмыз. Былтырғы жылы 500 тоннаға жуық шаруашылықты салдық, оны іске асырдық. Осы 3 жылдықтың арасында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында 2 шаруашылық салдық. Дегенмен, сол шаруашылықтарға Үкіметтің беретін 25% инвестициялық субсидиясын әлі күнге дейін ала алмай отырмыз. Балық ауруларының дәрілерінің жетіспеушілігі салдарынан, емдейтін мамандардың жоқшылығынан осы балық шаруашылығының толыққанды жұмыс жасауына үлкен кедергілер жасап жатыр.

Мәрлен Тұрсынәлі 13 жылдан бері Еңбекшіқазақ ауданында бақтақ балығын өсірумен айналысады. Уылдырықтан шабақ алып, оны тауарлы балыққа айналдыруда тәжірибесі мол. «Инвестициялық субсидияның уақытылы төленбеуі еліміздегі балық шаруашылығын дамытуға біршама кедергі келтіріп отыр. Сол себепті шаруалардың көбі балыққа беретін жем ала алмай жүр», - деді ол.

Айдар Мағзұмов, облыстық табиғи ресурстар және тпр басқармасының бөлім басшысы:

- Инвестициялық субсидияға биыл 200 миллиондай бөлінді. Өтінім түспегендіктен, тоған балық шаруашылығының құрылысына ереже бойынша қарастырылмаған құрылыс жұмыстарын өтеп беру үшін 25%-ін. Қазір енді ассоциация бар, бәріміз биылдан бастап қолға алып, Үкіметке хат жазып, жұмыстар атқарылады, шешіліп қалады деп ойлаймыз.

Алматы облысындағы балық шаруашылықтарын заман талабына сай құрал-саймандармен жабдықтау бағытында былтыр 118,7 млн теңге субсидия төленген. Осындай қолдауқаржыға ие болған шаруашылықтар балық етін өңдеумен айналысатын кәсіпорындар салып, маман даярлау ісіне де өздері кірісіп жатқан жайы бар. «Балық-мектеп» жобасы жүзеге аса бастаған бес жылдың ішінде Есік қаласында 550-ден астам маман даярланған. Қысқа мерзімді курстан өткен 100 шақты адам өз шаруашылығын ашып, ісін дөңгелетіп отыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов